Жақында Қаскелең қаласының көшелерінде 60-тан аса жол белгілерін ретке келтіру жұмыстары жүзеге асырылды. Ол жыл сайынғы жоспарға сәйкес тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілген талдау бойынша автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу бағытында орнатылған болатын.
Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, оның ішіндегі «Халыққа қызмет көрсету орталығы» дегенді нұсқайтын алты белгі Абылайхана мен Мақашева, Мақашева мен Жанғозина, Жанғозин мен Наурызбай және Байғазиева мен Жанғозина көшелерінің қиылысында орнатылды.
Ал, балаларының жаяу жүргінші жолынан өтетін кездегі қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналардың ұсыныстары назардан тыс қалмады. Бұл жайтты ескерген тапсырыс беруші мекеме қаладағы оқу орындардың, яғни, мектептердің аумағына «Назар аударыңыз! Балалар!» атты 10 белгі қойды. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелерінде жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттырып жіберетін, көліктің қарсы бағытқа жиі шығып кететін айналма жолдар бойына, апаттық ахуал туындап жататын бұрылысы көп тұстарына «Жол беріңіз» атты 45-ке жуық жол белгісі орнатылды. Ескісі жаңартылып, жоғына жаңасы тұрғызылған бұл жерлердің кейбірінде бірде-бір белгі қондырылмаған көшелер де бар екендігін айтқан жөн.
Мемлекеттен сатып алу конкурсы аяқталғанан кейін, бұл тапсырмаға «Арбат және К» ЖШС-і ие болып, қайта қалпына келтіру және орналастыру жобасы сәтті жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде қойылған жол белгілері қазіргі таңда тұрғындар үшін игілікті жұмыс атқаруда.
Бұрым ОРЫНБАСАР.