«Қазақстан-2050» Стратегиясының бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру екені белгілі. Мұнда медицина саласында бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу үшін қоғамдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейіне тиімді менеджмент енгізу, соның ішінде жаңа технологияларды жасау мен тәжірибеге ендіру талап етіледі.
Соңғы жылдары ауданымызда, тіпті, Қаскелең қаласының өзінде көптеген жеке емдеу мекемелері пайда болып, әрқайсысы өз жаңашылдығымен, жаңалығымен халық көңілінен шығуға күш салуда. Міне, жақында, мамыр айының 16-нан бастап олардың қатары тағы біреуге артып, батыс жағынан қалаға кіре берісте «Шаңырақ AR» интегралды медицина орталығы өз есігін айқара ашқан еді.
Ақ желеңді абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында осында арнайы барып, орталықтың тынысына тереңірек үңіліп танысқан болатынбыз. Мекеме директоры Гүлдана Сұлтанованың айтуынша, мұндағы жұмыс пен көрсетілетін қызмет түрлері батыс және шығыс медицинасын байланыстыра отырып дұрыс жолға қойылған. Үлкен істі жас болса да бас болып қолға алып отырған невропатолог дәрігер оған кіріспес бұрын көп ойланып, ұзақ ізденген көрінеді. Бір жылдары өзінің де денсаулығы сыр беріп, талай емдік процедуралардан өткен ол қандай әдіспен болса да ауруды түбегейлі жоюдың жолдарын қарастыру қажеттігіне көзін жеткізген. Сөйтіп, өз мамандығына қоса, дәстүрлі, яғни, халықтық медицина негіздерін де оқып алады. Осылай ол дәрі мен екпеден бөлек шығыстың ем-домдарының да шипасы зор екенін біледі. 2010 жылдан бастап аудандық орталық ауруханада невропатолог, дәрігер-эксперт болып, кейіннен жекеменшік клиникада басшылық қызметтер атқарған ол жарты жыл үзіліс жасап, осы орталықты ашуға ниет танытқан. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жомарт жанды құрылтайшылар тарапынан да бірауыздан қолдау көрсетіліп, орталықтың негізі қаланды. Жалпы, «интегралды медицина» тіркесінің түпкі мағынасына тереңірек үңілетін болсақ, ол сол дәстүрлі және дәстүрлі емес медицинаның қоспасы дегенге саяды екен. Мұндағы басты мақсат – ауруды емдеуден бұрын оны мүлдем болдырмаудың, түбегейлі жоюдың жолдарын қарастыру.
Ашылғалы бір ай ғана болғанымен алғашқы нәтижелер жоқ емес. Келушілердің де қатары күн санап артып келетін көрінеді. Мұнда күндізгі стационар, процедуралық бөлмелерден бөлек, зертханалық тексеріс те, дәріхана да жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, биорезонансты диагностикалау аппараты бар. Бұл құрылғы ешқандай талдама тапсырмай-ақ, бүкіл ағзаңызға зерттеу жүргізіп береді. Ал, оның нәтижесін Гүлдана Баймұратқызы өзі анықтап, ашып оқып, науқасқа әрі қарайғы әрекеті, баруы керек дәрігерлері жөнінен бағыт-бағдар көрсетеді. Яғни, науқас шағым айтып келген бір аурумен ғана күреспейді, бүкіл денсаулық жағдайы жайлы ақпарат ала алады. Интегралды орталық ауданымызда тапшы дәрігер мамандармен келісімшартқа отырған. Мысалы, бауыр, өт жолдарын емдейтін гепатолог, буын ауруларын қарайтын ревматолог, бүйректің диагностикасымен, емімен айналысатын нефролог, балалардың және ересектердің кардиолог, эндокринолог, урологы, тағы да басқа білікті мамандар осында тиімді бағаға өз қызметтерін ұсынады. Бұдан бөлек, адам ағзасының энергетикалық құрылымына әсер ететін натуротерапия, мануалды терапия, хиджама, сүлік арқылы емдеу әдістері қарастырылған. Осының барлығын бас дәрігер ауданымыздың денсаулық сақтау саласында еңбек еткен он жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, халықтың сұранысы мен әлеуметтік жағдайын ескере отырып үйлестірген көрінеді.
Қазір мұнда штатта 15 адам бар. Аптасына жеті күн танертеңгі сағат 8-ден кешкі 21.00-ге дейін қызмет көрсетілетін емдеу мекемесіндегі дәрігерлер 87273081136, 87009795747 телефондарына байланысып алдын ала жазылу арқылы қабылдайды. Іс қарқыны жақсарып, дұрыс жолға қойылса жұмыс уақытын 24 сағатқа ұзарту жоспарда бар.
Жалпы, орталықтың атауы да жайдан-жай қойыла салмағандай. Бұл бір ғана сөздің астарына үңілсеңіз, көп мағына тұрғанын байқайсыз. Шаңырақ – ең алдымен бір отбасының тоғысатын, жиналатын орны. Ол – жылылық пен мейірім мекені. Сол сияқты «Шаңырақ AR» де еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жас талғамай қызмет көрсетіп, әр үйдің әр мүшесінің денсаулығы мықты, өмір жастары ұзақ болуына өз үлесін қосуды мақсат ететіні анық. Ал, ауданымыздың медицина саласының бәсекелестік ортасына тың бастамалармен қадам басқан орталықтағы оңды істер мен жақсы жаңалықтар, толайым табыстар келешектегі көп мақалаларымызға арқау болады деген сенімдеміз.
Клара КӨПБАЕВА.