Жамбыл ауданы Қасымбек ауылының маңында балық шаруашылығының жұмыс істей бастағанына бір жылдан асты. Оны «Алматы Балық-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Оразалы Кенжебаев ұйымдастырған. Кәсіпкер бұл істің өзіне тән қыр-сыры толып жатқанын айтады.
Оразалы Нұралыұлы бізге инкубациялық цехтағы арнайы аппаратта уылдырықтан шабақ шығару үрдісін түсіндірді. Шетелден әкелінген уылдырықтан осы аппараттың ішінде 25 күнде балық пайда болып, олар шағын бассейндерге жіберіледі. Олар сонда белгілі бір көлемде үлкейген соң соған сай арнайы бассейндерге ауыстырылып отырады. Суда үнемі бірқалыпты температураны сақтау, уақытылы қоректендіру, оттегі мөлшері – бәрі-бәрі тек қана қажетті мөлшерде болуы мұқият қадағаланады. Егер дұрыс жүргізе білсе, бұдан көл-көсір пайда табуға болатынын айтады кәсіпкер. Ол үшін, әрине, тынымсыз еңбектену, озық технологияны қолдану, балыққа уылдырық кезінен бастап, өткізуге дейін мәпелеп қарау керек. Онсыз болмайды. Балық дегеніңіз таңертең қорадан өргізіп жіберіп, кешке жинап алатын мал емес. Жұтатын ауасына дейін есептеп беретін, ерекше күтіп-баптауды қажет ететін жәндік. Сондықтан он ойланып, жүз толғанып, алдын ала зерттеп-біліп алғаннан кейін ғана тәуекелге барып отыр.
Кәсіпкер бұл істі былтыр мамыр айында бастаған. Оны ұйымдастырып, аяғынан тұрғызуға 30 миллион теңге инвестиция салыныпты. Аудандағы алғашқы балық фермасында форель, сазан, амур және дөңмаңдай түрлері өсіріледі. Форельдің уылдырығы шетелден алынған, өйткені елімізде балықтың осы түрінің шабағын шығаратындар жоқтың қасы екен. Былтыр серіктестік уылдырық алуға миллиондаған теңге жұмсапты. Келесі жылы мемлекеттік демеуқаржы көмегіне жүгінбек. Мақсат – кәсіпті дамытып, жергілікті халықты балықпен қамтамасыз ету. Балық ашық көлшіктерде де өсіріледі. Сырты бетондалған 8, табиғи шұңқырдағы 20 және 38 арнайы жабық бассейн бар. Әрқайсысына бірнеше мыңдаған шабақ жіберілген.
Отбасылық бизнесте 10 адам жұмыс істейді. Шаруашылықты басқарушы Талғат Жұмәділұлы жұмысты ұйымдастырып, құрылысты қадағалайды, техникалармен қамтамасыз етеді. Жұмысшы Мейрамбек Нұралы балыққа жем беру, дәрілеу, белгілі бір көлемде өскеннен кейін басқа бассейнге көшіру, тұтынуға жарамдыларын сатылымға шығару шаруаларымен айналысады. Балықты осыннан сатып алып кетеді. Басқа жұмысшылар да әрқайсысы өз міндеттерін орындауда. Шаруашылық 50 гектар аумақта орналасқан. Мұндағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған жоқ. Әлі де салынатын нысандар іскер жанның жоспарында бар. Жаздың күні қона жатып балық аулаймын, демаламын деушілерге арнап шағын қонақ үйлер салынып жатыр. Осылайша мұнда бір жағынан туристік қызмет те көрсетілетін болады.
Облыста балық шаруашылығына деген қызығушылық артып келеді десек те, Жамбыл ауданында бұл іспен шындап айналысушылар жоқтың қасы еді. Тек сонау Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында айдыннан балық ауланып, өңделетін. Енді, міне, таулы аймақта да бұл кәсіп қолға алынды. Нәтижетін алдағы уақыт көрсете жатар. Тың шаруаны бастаған тәуекелшіл кәсіпкерге тек қана сәттілік тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суретті түсірген: автор.
Жамбыл ауданы.