Әлі есімізде тоқсаныншы жылдардан кейінгі қиындықтарына толы өтпелі кезең артта қалып, ел еңсесін көтере бастаған кез. 2000 жылдан кейін сол тұстағы Райымбек ауданындағы бірнеше шағын ауылда жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді. Соның бірі Ақсай орта мектебінің қазіргі ғимараты болатын. Шүкір, Ақсай ауылының түлектері жаңадан салынған мектепті назарларында ұстады. Айналасын түрлі жеміс ағаштарына толтырды. Дәл қазіргі таңда жеміс ағаштарына, әсем гүлдеріне толы абат бақтың ортасында тұрған мектеп көз алдымызға келе береді. Білім шаңырағының шәкірттері де сол бір абат бақтарындай көркем, ақылды, білімді. Ұстаздары да кезең келбетіне сай ізденімпаз, еңбекқор, жаңашыл. Осыған орай Ақсай орта мектебінің директоры Жанболат Байымбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Жанболат Қазыкенұлы, әңгіменің басында мектептің қысқаша тарихына тоқталып өтсеңіз дұрыс болар еді?
– Ақсай ауылында 1952 жылы бастауыш мектеп ашылып, осындағы балалар аталған мектептен білім ала бастаған. 1956 жылы мектеп 8 жылдық мектептің дәрежесін алды. Келешегі бар Ақсайдай ауылда тұрғындар санының, балалар санының арта түсуіне байланысты 1991 жылы орта мектеп дәрежесіне көтерілді. Араға 10 жыл салып жергілікті тұрғындардың өтініш, тілектері ескеріліп, жаңа мектеп салынып, ұстаздар мен оқушылардың игілігіне айналды.
– Сол тұста облыстың, ауданның тізгінін ұстағандар кімдер еді?
– Облысымызды Заманбек Нұрқаділовтей қоғам қайраткері басқарып тұрған екен. Облыстық білім басқармасына Нұрпейіс Қасымов, аудандық білім бөліміне Нұрбатыр Орынбаев жетекшілік жасап тұрған еді. Біз сол кездегі аудан әкімі Ақан Нұрғожаевтың, ауылдық округ әкімі Марат Тақабаевтың атына жылы лебізімізді білдіреміз. Сөз орайында айта кетейін, осы ауылдың бір перзентімін. Осы ауылдағы білім шаңырағында 8 жылдықты бітірдім. 2000 жылы мектепке директор болып ауысып келдім. 2001 жылы жаңа мектеп ғимаратының кілтін қабылдап алғанымды ұмытқан емеспін.
– Ақсай орта мектебіне өз тұстарында қандай азаматтар, ұлағатты ұстаздар басшылық жасады?
– Ұмытпасақ, Ақсай ауылындағы мектепте Кәрім Есжанов, Исаділ Әбдіғұлов, Жақып Нұрқасқаев, Тұрсынғали Теңгебаев, Қарлығаш Әмірбаева, Өмірзақ Сатымбаев, Ж. Байымбетов, Ыдырыс Есентаев, Олжас Тақабаев, Асхат Жұмаділдаев секілді білікті ұйымдастырушы, ұлағатты ұсаздар мектеп директоры болып жемісті жұмыс істеді. Мектептің тарихында аталған жандардың есімдері алтынмен жазылып қалатын болады.
– Ұстаздардың ұстаздары болған асыл да ардақты жандар туралы айта кетсеңіз?
– Айтуға болады. Ұстаздарымызды ұмытқан емеспіз. Бар мәнді ғұмырларын бала тәрбиесіне арнап кеткен асыл жандарымызға деген алғысымыз шексіз. Құрметіміз бөлек. Өз тұстарында Ақсай ауылындағы мектепте жүктің ауырын көтерген, оқу-тәрбие жұмысымен айналысқан Ө.Сатымбаев, М.Иманбаева, К.Асқарбаева, Ә.Тоқтарбаева, А.Кулиманов, Қ.Әмірбаева, Ы.Сауданбекова, Ж.Құрмантаева, Ә.Сыдықжанова, А.Жексенбаева, Р.Белғожаева секілді ұстаздар есімін құрметпен айтамыз. Мектебімізде еңбек етіп, қазір зейнет демалысында жүрген А.Дәніқұлов, Г.Малдыбаева, К.Ақылбаева, К.Оразақынова, Т.Бекбатыров, С.Отарбаев, медбике Ж.Мұратова, есепші Б.Үмбетжанова, Б.Әбішевалардың еңбектері зор.
– Білім шаңырағына қолдау көрсетіп отыратын азаматтар бар шығар?
– Әрине, бар. Мектепте «Қамқоршылық кеңесі» құрылған. Жоспарлы жұмыстар жүргізіліп тұрады. Аз қамтылған отбасыларына, көп балалы отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп келеді. И.Батанов, Қ.Мырзалиев, Т.Әріпбаев, Б.Құрманбаев, Қ.Әбіләкімов, Б.Әріпбаев, Ә.Керімқұлов, Р.Жұмашұлы, Е.Қарымсақов, Ж.Құрманаев секілді мектебімізге қолдау көрсетіп, түрлі іс-шараларымызға демеушілігін білдіріп жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
– Қазіргі жағдайларыңыз қалай?
– Жаман емес. Жыл өткен сайын мектебіміздің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Оқушыларға уақыт талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен 30 ұстаз айналысады. Оларды барлығы дерлік жоғары білімді. Жаңартылған білім беру бойынша 100 пайыз арнайы курстан өткен. 162 оқушымыз бар. Менің мектептегі оқу ісі жөніндегі орынбасарым Ж.Теңгебаев пен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым М.Нұрбатырова өздерінің оқу-тәрбие саласындағы іс-тәжірибелерін аудан көлеміндегі әріптестеріне таратып, бөлісіп отырады. Оқушылардың компьютермен қамтылуы жақсы дәрежеде. Ноутбук, планшеттер бар. Барлығы интернет желісіне қосылған. Жалпы, оқушылардың сапалы білім алуларына толық мүмкіндік жасалған. Бұл орайда ауданымыздың әкімі Талғат Ескендірұлына, аудандық білім бөлімінің басшысы Рысалды Әбдікерімқызына айтар алғысымыз ерекше. Тиісті көмегін көрсетіп жүрген аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Ж. Насырбаеваның да атына жылы лебіз білдіреміз.
– Мектептерін әрдайым жүректерінде ұстап, назарларынан шығармайтын түлектер көп шығар?
– Әрине, баршылық. Өздеріңіз көзбен көріп жүргендей, мектебіміздің айналасы үлкейіп, көлемді бау-бақшаға айналды. Мектебіміздің 2009 жылы бітірген түлектерінен айналайық! Өздері бастама көтеріп, «Бір тал кессең, он тал отырғыз» атты акция бойынша мектебіміздің жанына 250 түп алма, өрік ағаштарын отырғызды. Қазір отырғызылғанына 12 жыл болған жеміс ағаштарының бәрі күз айында жемісін төге тастайды. Оның қызығын ауылымыздың балалары көріп жүр. Мектептің 20, 30 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектері түрлі спорт тауарларын, музыкалық дыбыс күшейткіш апараттар алып беріп, білім ордасының материалдық базасын нығайта түсуде. Оның сыртында ауылымыздағы 1 сыныпқа келетін оқушыларға керекті құрал-жабдықтар алып беріп тұрады. Әрине, отырғызылған көшеттерге қамқорлық, күтім болмаса, өз дәрежесінде өсіп-жетілмейді. Айналамыздың әсем бау-бақшаға айналуында, жаз маусымында гүлге тола түсуінде шаруашылық меңгерушісі М.Құрмантаевтың, техникалық қызметкерлердің еңбектері елеулі.
– Мектептің аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордасына айналуына үлесін қосып жүрген озат ұстаздарыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Мектебіміздегі көркем еңбек, технология пәндерінің ұстаздары, ерлі-зайыпты Ж.Теңгебаев пен А.Көнекбаеваның «Көркем еңбек сабақтарында оқушылардың қол өнер шығармашылығын дамыту» атты авторлық бағдарламалары сәтті қорғалып, республикаға таратылды. Ш.Ұзақбекова, А.Алмабекова, Н.Отарбаева, Ф.Мырзахметова секілді ұстаздардың авторлық бағдарламалары жарық көрді. Л.Әбдіханова, Ә.Қоғанбаева, М.Қашқынбаева, Қ. Букенбаева, Ұ.Арыстанова секілді мұғалімдердің іс-тәжірибелері әдістемелік жинақ кітаптарына шықты. Республикалық «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауында көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Ж.Теңгебаев пен А.Көнекбаеваның авторлық бағдарламасы 1 орынды иеленді. Е.Қоғанбаев, Б.Ошақбаева, Ө.Мұсаев, Б.Жарқынбаева, Е.Құрмантаев секілді ұстаздарымыздың да аттарына жылы лебіз білдіреміз. Даярлық тобында еңбек етіп келе жатқанына 21 жыл толған Мәдина Тұрғынбаеваның да еңбегі елеулі. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Б.Кулиманов Президенттік көпсайыста І дәрежелі дипломмен және «Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» төсбелгісімен марапатталды. Мектепте бокс секциясы жұмыс істейді. Жаттықтырушысы мектептің бір түлегі Медет Өмішев. Бокс секциясында 30 бала жаттығып жүр.
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, білімді, өнегелі, өнерлі шәкірттеріңіз баршылық деп ойлаймыз?
– Соңғы жылдардың ауқымында Шұғыла Асыл, Ұлпан Маратқызы, Аружан Тілепбай, Қорлан Әлиқызы мектебімізді «Алтын белгімен» бітіріп, қанаттанды. Жоғары оқу орындарында грантпен білім алуда. Ақниет Тілепбай, Айбын Иемберді, Айнара Изат, Айша Мұхтарқызы, Гауһар Абиыр, Дамир Абиыр, Гүлбахрам Жарданбек, Думан Көдек, Ұлпан Ирғабыл секілді озат оқушыларымыз республикалық, облыстық, аудандық әртүрлі байқауларда алғашқы орындардан көрініп, мектеп мерейін көтеріп жүр. Бокс секциясының бір түлегі Нұржан Аманкелді бүгінгі күні республикамыздың атынан бокстан жастар арасындағы Әлем біріншілігіне дайындық жасауда. Нұржандай шәкіртімізге ақ жол тілейміз! 8 сынып оқушысы Асқар Серікбай Талдықорған қаласында өткен облыстық бәсекеде облыс чемпионы атанып, республикалық жарысқа жолдама алды.
– Тағы айтарыңыз бар ма?
– Мектеп түлегі, журналист Зәуре Зақанмен онлайн түрінде оқушылармен кездесу өтті. Кітапханашы Ғ. Тайтаразованың да еңбектері елеулі. Мектеп ғимаратының салынғанына 20 жыл олуына орай күзге қарай іс-шаралар өткізу ойымызда бар.Тәуелсіз Отанымыздың мәртебесі биік бола берсін!
Сұхбатты жүргізген Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Ақсай ауылы, Кеген ауданы.