Көне ескерткіштер – әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сондай-ақ сол елдің өткені мен бүгінін саралап, келешек ұрпаққа ата-бабаларының тұрмысы мен батырлығы жайлы ақпарат беретін құндылық. Алматы облысына қарасты Кеген ауданы – осындай көне жәдігерлерге толы өңірлердің бірі. Әсіресе, аудан көне үйсін тайпасының жәдігерлеріне бай, оның үстіне мұнда бүгінгі күнге дейін сақталған петроглифтер мен балбал тастарды да кездестіруге болады. Мұндағы музейлердің қорындағы көптеген ескерткіштер ауданға қарасты Алғабас ауылының маңынан, сондай-ақ Қарашоқы мен Торайғыр тауларынан табылған.
Осыдан біраз уақыт бұрын ауданнан он шақырымдай жерде орналасқан XVII-XIX ғғ өмір сүрген осы күнге дейін сыры ашылмаған «Құмтекей» қалашығынан тағы да бір тастан жасалған көне ескерткіш табылды. Тылсым таста бауырына сәбиін басқан Ана мен бала мүсіні бейнеленген. Көне жәдігерді Айбек Оспанов есімді Кеген ауданының тұрғыны тауып алған.
– Мен Құмтекей маңында жоғалған малды іздеп келе жатып, құм басқан біртүрлі пішінді тасты байқадым, – дейді Айбек. – Әр нәрсеге қызығатын адам баласы болғаннан кейін оны жақынан көруге бел будым. Қасына барып, қолыммен құмды тазалап, оның ана мен баланың ойылған мүсіні екенін білдім. Мұндай таңғажайып олжаны күнде көрмейсің ғой. Оның орны мұражайда болуы керек деп ойлап, өзімен бірге алып кеттім. Сосын Кеген аудандық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырдым.
Шебер оюланған мүсінді зерттеген мұражай қызметкерлері бұл аймақта жақсы мүсіншілер мен шебер қолөнершілер өмір сүретініне тағы да көз жеткізді. Себебі ол тек жақсы сақталып қана қоймай сондай-ақ мүсіндегі ана мен баланың көзі мен ернінің анығырақ көрсету үшін боялған қара түс әлі күнге дейін анық көрініп тұр.
Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Өржігітованың айтуынша, тас мүсіннің биіктігі – 38 см, ені – 35 см. Салмағы – 26, 929 кг екен.
– Ерекше экспонаттың Құмтекейден табылуы да бекер емес. Ғалымдардың айтуынша, қалың құм басып кетсе де қалашық ежелден ірі болған. «Құмтекей, яғни Құмтөкей деген атаудың өзі тарихи мекенді құм басқаннан кейін пайда болуы әбден мүмкін. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Көптеген зерттеу жұмысында бұл мекен Үйсін мемлекетінің астанасы Чыгу қаласы деп көрсетіледі. Бірақ кейіннен қала күйреп, елді мекеннің барлығын құм басып қалған, – дейді Меруерт Өржігітова.
Бүгінде ғалымдар мен археологтар толығымен зерттеп болмаған Кеген жері әлі күнге дейін әлемге беймәлім мәдени-тарихи ескерткіштер мен жәдіргерлерді өзінің қойнауында сақтап келе жатқаны анық.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.