Өткен аптаның жұмасында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қарасай аудандық Мәдениет үйінде ашылған ақындар орталығы мен жыршы-термешілер мектебінің жұмысын үйлестіру мақсатында Алматы облысы бойынша үйлестіруші әдіскері, жыршы, сазгер Әбдіберік Әділбековтің шеберлік сағаты өтті. Оны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қазақ халқының бұқаралық көркемсөз шығармашы-лығының бастауы ақындық өнері мен жыр-термесін жыршы-термешілер мектебінің шәкірттеріне насихаттау әрі рухани құндылықты арттыру. Сондай-ақ, орталықтардың жұмысын үйлестіру.
Іс-шара барысында жыраулық дәстүр мен жыршылық өнерге жалпы түсінік берілді. Сонымен қатар, Әбдіберік Баймұханбетұлының авторлық «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» тақырыбындағы кітабы мен «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары» үнтаспасы таныстырылып, Кетбұға, Қабан, Саршуаш, Сабдалы жыраулардың жырлары мен Құланаян Құлмамбет, Бөлтірік ақындардың жырлары және Күлтегін, Абылайхан, Райымбек батыр дастандары жырланды.
Шеберлік сағатына мәдениет пен руханиятқа үлес қосып жүген Қарасай аудандық Мәдениет үйінің директоры Эльнур Қайратқызы, көркемдік жетекші Анар Бөлекбаева, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, белгілі ақын Серік Қалиев, «Дарынды жастар» клубының жетекшісі Гүлшат Қалиолаева, күйші Жарқын Рақымжан, дәстүрлі әнші Әділжан Аманжол және тағы басқа ауданның өнерлі жастары қатысты.
Айта кетейік, Ақындар орталықтары мен жыршы-термешілер мектептері Алматы облысының аудандары мен қалаларында 2022 жылдың қазан-қараша айларында ашылып, олардың саны бүгінде 10-ға жетіп отыр. Аталған шеберлік сағаттарын 2023 жылдың 23 қаңтар – 4 ақпан аралығында Алматы облысына қарасты барлық мектептерде өткізу жоспарланған.
Өз тілшіміз.