Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті күнінен түрлі қосымша үйірмеге береді. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластарының арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше. Бүгінде үйірме атаулының сан түрі бар. Әлбетте сұраныс болғаннан кейін ұсыныс та көбейіп келеді. Баланың бос уақытын ұтымды пайдалану, бойда ашылмай жатқан сан қырлы талантты ұштап, өрбітуге мүмкіндік беретін тәрбие жолы десек қателеспейміз. Осы негізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауындағы балаларды бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту туралы тапсырмасы бүгінде оң шешімін тауып жатыр. Соның айқын дәлелі – күннен күнге қатары көбейіп жатқан балғындарға арналған «Artsport» бағдарламасы аясында ашылған тегін шығармашылық және спорт үйірмелері. Солардың бірі – Береке ауылдық Мәдениет үйінің ішінде орналасқан «Обрайн» орталығы.
Баланың үйірмеден үйренері көп
«Обрайн» білім беру орталығы 2016 жылы директоры Жанар Тургунбаеваның бастамасымен ашылған. Жанар Аманжолқызы – жеке кәсіпкер, меценат. Қазақстандағы «Artsport» Ассоциасының төрайымы, еліміздегі мектеп оқушыларының тегін үйірмелерге қатысыуына үлкен үлесін қосып жүр. Аталған орталық осыдан алты жыл бұрын ашылса да, мемлекеттік қолдау аясында жұмыс істей бастағанына бір жылдың көлемі болған. Бастапқыда ағылшын, математика пәндерінен оқушыларға қосымша сабақтар, үлкендер үшін бухгалтерлік курсттар өткізетін білім орталығы Елтай ауылдық округінде кеңінен танымал. Өйткені, «Обрайн» мекемесі сол кезден-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар мен көпбалалы аналарға арналған тегін курстарды өткізуді бастап кеткен. Көпшіліктің сеніміне ие болған бұл орталық сапалы ісімен, жақсы жетістігімен бүгінге дейін өз жұмыстарын атқарып келеді. Алматы облысында ағымдағы жылы «Artsport» бағдарламасы аясында үлкен дау туындап, уақытша қаржыландыру тоқтатылған еді. Десе аталған білім мекемесі балалардың үйірмеге деген белсенділіктерін, өздеріне деген ата-аналардың сенімдерін жоғалтып алмау үшін жұмыстарын әрі қарай жалғастырды. Еңбектері нәтижесіз қалған жоқ, орталықтарының үйірмелері осы айдан бастап тұрақты қаржыландыру жүйесіне көшті. Осы ретте Елтай ауылдық округі үшін жұмыс істеп жатқан үйірмелердің жұмыс барысын баяндауды жөн санадық. Мекеме ішіне енгеннен түрлі аспаптың дыбысын құлақ шалып, жүйелі жұмыстың талапқа сай жүргізіліп жатқанына куә болдық. Музыка әлеміне деген құштарлыққа ештеңе кедергі келтірмесі анық. Өзінен үлкен баянды асынған жеткіншек те, домбырасын шерткен оқушы да жаңа білімді игеруге асық екені жарқыған жанарларынан-ақ байқалады. Осындай көңілді нотамен бір серпіліп алған біздер Мәдениет үйінің ішіне қарай аяңдадық.
Домбыраның құлағында ойнайды
«Обрайн» орталығында ұлттық және заманауи билер, хореографиялық ансамбль, ішекті аспаптар, домбыра, визаж және гримдеу, сахна тілі, сурет салу, киімді модельдеу, кесу және тігу, шешендік өнер, көркем сөз оқу сынды түрлерінен оқушыларға арналған тегін үйірмелер бар. Мұндағы жұмыстардың жүргізілу барысын домбыра үйірмесінен бастадық. Негізінен мұнда қазақтың ұлттық аспабы бойынша 30-дан астам бала дәріс алады. Жетекшісі 2 жаста болса, бас болып жүрген Ерғазы Қайықбай. Ол Қаскелең мәдениет колледжін «педагог-мәдениет ұйымдастырушы, демалыс қызметін ұйымдастырушы, халық аспаптар» мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының соңғы курс студенті. Жас ұстаздаың дайындаған шәкірттері «Келіншек», «Ерке сылқым «Балбырауын» сынды күйлерді нақышына келтіре орындайды. Үйірмеге қатысушы оқушылардың ішінен «Серпін» домбырашылар ансамблін құрылған. Қазіргі уақытта бұл топтың өнерпаздары аудандық деңгейде өтетін барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Тіпті, облыстық, республикалық байқауларда да топ жарып жүр. Атап айтқанда, домбыра үйірмесінің өнерпаздары бір жыл ішінде республикалық «Тәуелсіздік Тұмарым», «Мұрагер», «Жас талант» өнер орталығының балалармен жасөспірімдер шығармашылық «SOUNDTRACK SHOW», «Alash oqulary», , «Біз – бақытты баламыз» атты байқауларда бас жүлделерді иеленген. Сонымен қатар Береке ауылдық Мәдениет үйінің авторлық жобасы “Береке жұлдызы – 2022” атты балалар шығармашылығына арналған байқауда «Серпін», «Сұңқар», «Балапан», «Самға» ансамбльдері жүлделі орыннан құр қалған жоқ. Әлі жүйелі жоспарларын құрып отырған бұл бағыттағы үйірменің бағындырар шыңдары алда екеніне сенім мол.
Сан түрлі бағытта би үйретеді
Жоғары атап өткеніміздей атылмыш орталықта би өнерінің бірнеше түрінен бөлек-бөлек үйірмелер бар. Сондықтан жас өнерпаз өзінің табиғатына келетін бағытты таңдауына болады. Жоғары біліктілігі бар ұстаздар жас бишілерді ұлттық, заманауи билерге баулып, хореографиялық ансамбльді қалай бірлесе қалай жұмыс жасауды үйретеді. Мың бұралған қыздарды талдырмаш өнердің нәзік әлеміне баулып жүрген жетекшілері Мақпал Жаркетерова мен Жанар Қалиева. Олар Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыкалық білім және мәдениеті факультетінде білім алған. Би өнері әр бағытта болғандықтан, мұнда «Кербез», «Сылқыма», «Жұлдыздар» жоғары сынып және «Карамельки», «Витаминки» кіші сынып қыздарынан құралған ансамбльдер бар. Орталықтағы бұл үйірме түріне тек қыздар ғана қатысатынын айта кеткен жөн. Барлығы 50-ден аса жас талант өз өнерлерін шыңдап жүр. Тәжірибелі ұстаздардан білім алған нәзік өнер иелерінің осы уақытқа дейін бағындырған шыңдары аз емес. Республикалық «Жас дарын» орталығы ұйымдастырған байқауда «Кербез» және «Ерке сылқым» ансамблдері бас жүлде, Халықаралық «NEW ART» байқауында «Карамельки» би тобы I дәрежелі дипломен және «Витаминки» тобы II дәрежелі дипломмен, Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толуына орай «Би падишасы» байқауында «Кербез» би ансамблі «Айжан қыз» биі бас жүлде және басқа да жергілікті, облыстық жарыстарда да жүлделі орындардан көрінген.
Қылқалам шеберлерін дайындайтын мекен
Халықаралык «Dreamfest» байқауының лауреаты, «Жас дарын» балалар орталығының «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері, республикалық «Бойтұмар» байқауының «Мәртебелі педагог» төсбелгісінің иегері, «Нұрлы жастар» орталығының үздік ұстаз төсбелгісінің иегері және тағы да басқа бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, 15 жылдық тәжірибесі бар білікті ұстаз Қаршыға Маратова «Обрайн» орталығындағы сурет салу үйірмесі бойынша оқушыларды баулиды. Тәжірибелі маманнан тәлім алған шәкірттің білімі одан әрі шыңдала түсетіні анық. Жас қылқалам шеберлері мұнда әр тақырыпта, әр түрлі техникада өз қабілеттерін машықтандырады. Бұл үйірменің суретшілері табиғатты ғажап етіп бейнелеп, тіпті қоғамдағы өзекті мәселелерді де сурет салып көрсетеді. Жақында ғана өткен Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ» сурет тақырыбында өткен байқауда жас шеберлердің қиялының қаншалықты ұшқыр екенін байқауға болады. Бірі жемқорлықты құбыжыққа теңесе, ал бірі бұл қылмыстың жақсылыққа апармайтынын суреттейді. Расымен икемі бар балалардың қабілеттерін шыңдауға осындай үйірмелер керек-ақ. Өйткені, ынтасы мен құштарлығы бар баланың жетістікке жетуі тез болары анық. Осы ретте бұл үйірме қатысушыларының да жетістіктерін айтпай кетуге болмас. «Алтын ғасыр» шығармашылығы ұйымдастырған «Бойтұмар», «Fest Көктем» байкауларында барлық жүлделі орындарды иеленген, «Artsport» бағдарламасы бойынша өткен «Біз – бақытты баламыз» жарысында бас жүлдені алған.
Гитараның құлағында ойнайтын жас өнерпаздар көбеюде
Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Әсіресе, жас жеткіншектер шертпелі аспаптарды үйренгісі келетіндердің қатары көбейген. Музыкалық аспаптар әр алуандығымен ерекшеленсе де, гитара – музыка әуесқойларының басты назарында. Адамзат қолынан шыққан ең керемет әрі таңғажайып музыкалық аспаптардың бірі де бірегейі гитара – ерекше күшке ие өте қарапайым құрылғы. Оның үні, көңіл-күйді жеткізе білуі және диапазоны пианинодағыдай шексіз болғанмен, әлдеқайда қолайлы аспап. Орталықта бұл аспапты да үйренуге болады. Үйірме жетекшісі – Әділбек Дюсебеков. Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің түлегі, Алматы цирк эстрада өнер студиясында өнер көрсеткен, «Ретро-стиль» ансамблінің гитаристі болған. Қазіргі уақытта гитараны үйренуге 10-ға жуық жас талант келіп жүр. Олардың барлығы алғашында 50-ге жуық баланың ішінен суырылып шыққан. Гитара өнері бойынша бір жыл ішінде түрлі бағыттағы әуендерді ырғағын үйренген. Бұл аспап тек қана музыкалық білімді ғана емес, қол ұшындағы ұсақ моториканы дамытуға да септігі зор. Сондықтан кіші кезінен гитараға үйір баланың шығармашылық та, ойлау қабілеті артады. Бүгінде бұл үйірменің қатысушыларынсыз ешқандай концерт өтпейді, іс-шара ұйымдастырылмайды. Алдағы уақытта түрлі топ жарар байқауларға дайындық үстінде. Репертуарларында лирикалық әндер мен қатар отандық сүйгіштікке баулитын шығармалар бар.
Шәкірттер шеберлігін шыңдайды
Болашақ сахна саңлақтары да осы орталықтағы үйірмелерден шығады дегенге сенім мол. Әртістің шын шеберлігіне машықтанып жүрген «Сахна тілі» үйірмесі де шығармашылықтың орталықтың үлкен бір бөлігіне айналған. Жетекшісі Ерғазы Қайықбай жас таланттарды қабілеттерін ашуға бар күшін салуда. Өйткені, ол сабақтарының бір сарында өткенін қаламайды. Сондықтан бұл үйірмеге жазылған оқушы жан-жақты бағытта дамиды. Алғашында өзінің сахнада қалай ұстау керектігінен бастау алатын дәрістері, тілдің тазалығы, актерлік шеберліктеріне де ерекше назар аударылады. Себебі сахнаға шыққан әрбір әртістің қимылын қырығы көрерменнің назарынан тыс қалмайтын, әрбір өнер көрсетер алдында кез келген адам үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
Бұл үйірмеге қатысушылардың да жетістігі аз уақытта айтып ауыз толтырарлықтай. Жас таланттардан құралған театр ауыл тұрғындарының көзайымына айналып үлгерген. Жетекшілері тәлімгерлерін алғашқы күннен дайындап, қазіргі уақытта театр қойылымдарын сахналай алатындай тәжірибе жинаған. Жақында Береке ауылының тұрғындары үшін «Балалы – үй базар» атты жетім қалған жеткіншіктер жайлы қойылымдары бірінші көрсетілімде-ақ, көпшіліктің көзіне жас ұялатты. Екі рет толық залды жинаған бұл сахналық көріністе оқушылардың талантты қабілеттері бірден байқалып, зор құрметке ие болды. Өнер ұжымы қазіргі уақытта «Бір үйдің баласындай» атты театрландырылған қойылымға, Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасына поэзиялық жыр кешін өткізуге дайындалып жатыр. Сонымен қатар заман ағымына сай «Сахна тілі» үйірмесінің өнерпаздары «Youtube» платформасы үшін «Домбырашы ағай» атты онлайн-сериал түсіру үстінде. Қазіргі уақытта екі сериясы желіге жүктеліп, екі жарымға жуық қаралым жинап үлгерген. Үйірме ұжымы мұнымен ғана тоқтап қалмай, жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.
Кино актерлерін гримдейтін мамандар
Бір орталықта барлық сала қамтылған үйірмелердің өзгешесі – гримдеу және сәндеу бағыты. Мұнда аты айтып тұрғандай адамның бетін әрлеуге, жасандырып өзге сипат беруге машықтайды. Жетекшісі Лаура Хабулова сахналық грим, аквогрим және make up гримнің қыр-сырын меңгертеді. Ресей еліндегі Санкт-Петербург сән мектебінің «театрлды грим» мамандығы бойынша тәмамдап, 2017 жылдан бастап осы салада еңбек етіп келе жатқан Лаураның шәкірттерімен бөлісері көп. Алдыңғы кезекте үйірме қатысушыларына кино актерлерін түрлі образдарды бейнелейтін сахналық гримдеуді үйретеді. Мәселен, Халк, Шрек, Фиона сынды мульфильм кейіпкелердің бейнелері тәжірибелі, епті қолды гримдеушілердің еңбегі. Бұл бағытта жас қыздар өз қабілеттерін одан әрі арттырады. Аквогрим, әрине, бұл көбінесе балалардың бетіне көптеген әдемі суреттерді салатын бағыт, бұл саланы меңгеріп алып тіпті, табыс көзіне айналдыра алады. Визажисттік қабілет, әсіресе, сахнаға шығатын өнерпаздар үшін таптырмас қабілеттердің бірі. Аталған үйірмеге бүгінгі күні 30-ға жуық қыздар келіп жүр.
Көркем сөз оқу
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші балаға дер кезінде бағдар беру, қабілетін анықтау, оның бойында тасып тұрған күш-қайратты, жігерін орынды жұмсауға үйрету – алдымен ата-ананың, онан соң ұстаздардың міндетінде. Әсіресе, әдебиет бағытына қызыққан балалардың қабілеттерін «Көркем сөз оқу» үйірмесі одан әрі шыңдайды. Үйірме жетекшісі Жамиля Қарқынбаева да бір басына жетерліктей тәжірибесі бар. Шәкірттері де нәтижесіз емес. «Береке жұлдызы – 2022» Мәдениет үйінің авторлық жобасында оқушылары жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленген. Үйірме барысында олар ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының және тағы басқа да ақын-жазушылардың өмірбаянымен танысып, өлеңдерін жаттап әртүрлі конкурстарға дайындалуда.
Үйірмелер орналасқан сыныптарды аралап көргенімізде расымен талапқа сай сабақ өтуде. Әрбір сыныпта осы көрініс. Музыка әлеміне деген құштарлыққа карантин кедергі келтірмесе керек.
Иә, мектептен тыс үйірмелердің жұмысын көзбен көріп, көңіліміз марқайды. «Неге?» – дерсіз. Тек мектептің білімімен шектелмей, қосымша өнер, білім іздеген 500-ге жуық жас толқынның барын білдік. Бос уақытында қосымша өнерді меңгеруге ұмтылғандардың ықыласы қуантпай қоймады. Себебі бұл үйірмелер – білімқұмар шәкірттердің алдағы уақыттағы бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі.
Бұрым ОРЫНБАСАР.