Халқының мұң-мұқтажын түсініп, жоғын жоқтап жүретін ерікті Әлия Сәтпаеваны бүгінде аудан халқының көбі таниды десек артық айтқанымыз болмас. Қарасайлық ерікті осыдан бір жыл бұрын өзі тұратын Елтай ауылдық округінде көмекке мұқтаж отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау үшін «Ана мен бала» деп аталатын қайырымдылық мекемесін ашқан болатын. Жақсы іске себепші болып жүретін Әлия Нұрмұхамедқызының жұмысымен танысып, қолдау білдіру үшін жақында аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы барды.
Елдің алғысына бөленіп жүрген Әлия Сәтпаева жанашыр, жомарт жандардың қаржылай қолдауының арқасында азық-түлік пен киім-кешекті сатып алып, осы пункте әр жұма сайын мұқтаж отбасыға тегін таратады. Ізгілікті ісінің ілгерілеуіне өмірлік жолдасы Әсет Сәтпаев та көмектесіп, жұбайының ерлік жұмысына қолғабыс етеді.
Ерлі-зайыпты еріктілердің айтуынша, уақыт өткен сайын бұл әлеуметтік дүкенге келушілердің саны артқан. Ал аядай ғана бөлмеге бәрін сыйғызып, бір уақытта қызмет көрсету оңай емес. Бұл жағдайдан Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатовтың да хабары бар. Өйткені Әлия Сәтпаева жергілікті әкімдікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыға бірге қол ұшын созады.
Қайырымдылық жұмысының ауқымын кеңейту үшін жақында Әлия Нұрмұхамедқызы Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтен қолдау сұрап, аумағы кең нысан тауып беруін сұраған еді. Еріктінің өтінішін жерге қалдырмаған аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы осы аптада аталған әлеуметтік мекемеге арнайы барды. Мақсатшыл Әлия Сатпаеваның жұмысымен танысып, келешекте атқарылатын жұмыстарын бірге ақылдасты.
Аудан басшысы округ әкімі Біржан Манатұлына еріктінің мәселесін оңтайлы шешу үшін ұсынысын тыңдады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Береке ауылының орталығында 3.5 сотық жер учаскесі табылып тұр. Алдағы уақытта «БАКАД» маңайындағы лагерьде орналасқан модульдік үйлердің тағы бірі сол жерге қою жоспарда бар. Аталған шағын нысандар әкелініп, орнатылатын контейнер тәріздес болады. Оған ықпал етуші – «БАКАД» жобасының жетекшісі Гюнай Гёкальп. Осы жоспар ойдағыдай жүзеге асып жатса, «Ана мен бала» қайырымдылық мекемесінің директоры Әлия Сатпаева мұнда тек ізгілікті ісін жалғастырып қана қоймай, оқу орталығын ашуды ойлап отыр.
Жасұлан Тоққожаұлы өз тарапынан қарасайлық еріктінің ортаға салған идеясына оң пікірін білдіріп, округ әкімі айтқан 3,5 сотық жер учаскесін өз көзімен барып көруді жөн санады. Ауыл басшысына тиісті тапсырма беріп, бұл жобаны аяқсыз қалдырмай, бітіруді тапсырды. Әлия Сатпаеваның атқарып жатқан жұмысына шынайы ризашылығын білдіріп, алда атқарылатын ісіне қолдау болатынын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.