Сұлу қыздай сымбатты көшелерің,
Нұр-ағамен нұрланған есен елім.
Бәйтеректі тұрғызып Астанада,
Егемендік елдікті еселедің.
Аллам менің еліме шашқан нұрын,
Бар әлемге шуағын шашқан күнім.
Ел ағасы, Елбасы данышпаным,
Талай-талай асудан асқан бүгін.
Сарыарқада тұрғызды жас қаланы,
Мұра етіп халқына Астананы.
Зәулім үйлер, бой түзеп ЭКСПО-мен
Тым биіктеп барады асқақ әлі.
Білім алған сол жерде жастар әлі,
Мақтан етіп жатамын бас қаланы.
Өмір жолы Астананың Нұр-ағамен,
Жиырма бірінші ғасырда басталады.
Егемендік елдігің бірлігіңде,
Босқа өтпепті ел үшін бір күнің де,
Сарыарқада орнаған сәнді қала,
Нұр-ағаның даналық тірлігінде.
Берді Астана өзінің жемісін де,
Аңыздарға айналып ел ішінде.
Сахараны гүлдендіріп, түрлендіріп,
Еңбек еткен Елбасы елі үшін де.
Өмір-өзен, Есілім тоқтамаған,
Дәуірлерде құлазып жатқан далам.
Қыран тектес қазақтың ұланымын,
Нұр-ағамен әлемге мақтана алам.
Қараөткел ғой қазаққа дегенменен,
Бие байлап, қозысын көгендеген.
Пейіліне қазақтың беріпті ғой,
Самалындай еседі өлең деген.
Туған жылың, Астана,
Нұр-ағамен нұрланып кез келуде.
Өзгергенін қаланың көз көруде,
Қараөткел, Ақмола, Целиноград,
Астана боп аттарың өзгеруде.
Өткел бермес Есілім өзенім де,
Дәуірлердің көргенбіз кезеңін де.
Жат жерде бір өткенше асып-тасып,
Құл боп өткен артық қой өз елімде.
Жатыр ағып Есілім сырға тұнып,
Жал-жал толқын жатады ырғатылып.
Елордасы қазақтың әртүрлі ұлтпен,
Астана тұр әлемде нұрға тұнып.
Астана ғой елімнің жүрегі де,
Тыңнан салған молшылық түренін де,
Бейбітшілік халқымның тілегі де.
Нұр-ағамен өркендеп өсіп-өніп,
Өзгерістер боп жатыр ұлы елімде!
Серік БЕЙСЕНБАЕВ.
Жармұхамбет ауылы.