Білім саласындағы ең нәтижелі бастамалардың бірі – жаңа мазмұндағы оқыту үдерісі. Мектепке дейінгі мекемелер де заман талабына сай, бала дамуына түрлі әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолдана отырып, оқыту мазмұнына қойылатын талаптарды қалыптастырып келеді. Өткен аптаның жұмасы күні тәрбие мен оқытудағы тың тәжірибені тереңдету бойынша Қырғауылды ауылындағы «Ақ көгершін» балабақшасында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен семинар болып өтті. Оның барысында мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері мен басшылары іс-тәжірибелерімен бөлісті. Ауданда орналасқан 10 мемлекеттік 147жекеменшік балабақшаның меңгерушілері, әдіскерлері және тәрбиешілері бөлек екі алаңда бас қосты.
Бірінші алаңда мектепке дейінгі мекемелердің жұмыстарын ұйымдастыру, басқару негіздері талқыланды. Оның барысында Қаскелең гуманитарлық-техникалық коледжінің арнаулы пәндер оқытушысы Зағила Сүлейменова «Мектепке дейінгі ұйымдағы меннеджмент» тақырыбында дәріс оқыды. Сонымен қатар, «Сандуғаш» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Анар Батырбаева «Жас зертеушілер» авторлық бағдарламасы, «Брусничка» балабақшасының меңгерушісі Райхан Алибекова мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың нормативтік құқықтық актілері, «Бота» балабақшасының әдіскері Еркеш Сайлау әдістемелік қызметті ұйымдастыру тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Екінші алаңда тәрбиешілердің құзіреттілігін көтеру мақсат етіліп, теориялық және тәжірибелік бағыты бойынша назар аударылды. Мәселен, «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі Ж.Баякеева «Балалардың коммунативтік тілдің құзіреттілігін дамыту» бойынша, «Інжу» балабақшасының меңгерушісі А.Есимбетова Lego құрастыру технологиясын сабақ барысында қолдану жайлы тәжірибелерімен бөлісті.
Осылайша мектепке дейінгі ұйымның педагогтары іс-тәжірибесінде қолданылатын инновациялық технологиялары түрін шебер қолдану арқылы бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығы мен қызығушылығын дамытуға арналған сан түрлі әдістерді ортаға салды. Қызықты да ұтымды шыққан спикерлердің сөзінен соң тәрбиешілер өздерінің пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісіп отырды.
Ал, семинарға арнайы қатысқан Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Раушан Тумаева (суретте) әрбір маманға кәсіби бағыт-бағдар беріп, білімін, білігін көтеруге қашанда ынталы екендіктерін жеткізді.
– Бүгінгі іс-шарада педагогтар бір-бірлерімен тәжірибе алмасып, өздеріне ой түртіп, қоржындарына керекті ақпаратты жинай білді. Пленарлық мәжілісте Қарасай ауданында шешімін таппай жатқан мәселелер, көкейкесті тақырыптар талқыланды, – деді Раушан Қабдолдақызы.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан балабақшалар оқыту барысында қолданылатын көрнекіліктерін көрме ретінде әріптестерінің назарына ұсынды. Өз кезегінде көрмеге қатысушылар жасаған еңбектері бойынша идея алмасып, оның бала тәрбиесіне қаншалықты маңызы зор екенін бір-біріне түсіндірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.