Таза ауаң көкірегімді кернеген,
Самал желің көңілімді тербеген.
Қарап тұрсаң көркіне көз тоймайтын,
Неткен сұлу өлкем едің сен деген! – демекші, бұл сұлу өлкеге 1981 жылы арман қуып келіп, осындағы Қаскелең мәдени-ағарту училищесіне оқуға құжат тапсырдық. Ол кездегі емтихандар бөлекше еді. Арнайы билет алып,тік тұрып жауап беретінбіз. Ерекше дайындықты қажет ететін. Осынау күрделі де жауапты сынақтардан сүрінбей өткендеріміз аталған оқу орнының студенті атандық. Содан бері ауыз толтырып айтатындай 40 жыл уақыт өтіпті.
Енді «Қандай ұстаздардан білім алдым? Бұл оқу орны маған не берді? Мен алған білімім бойынша не бердім?» деген сұрақтар бағытында ой қозғағым келеді. Ол уақытта училищенің директоры Жайтуғанова Ақкүміс Қожахметқызы екен.
Әлі есімде, жаңадан оқуға түскен студенттермен бас қосқан алғашқы отырысты училищенің директоры Ақкүміс апайымыз ашты. Оқу орнының тыныс-тіршілігі мен берілетін сан алуан мамандықтар жайлы түсіндірді. Тазалық пен тәртіп мәселесіне ерекше тоқтады. Ақкүміс апайдың мағыналы да мәнді сөздері әлі құлағымнан кетпейді. Өте білімді де білікті басшы екендігі ерекше көрініп тұрды. Расында, Ақкүміс апайдың айтқан сөзін істеген ісімен көрсете білетіндігіне көзіміз жетті. Бұл біздерге күні бүгінге дейін үлкен сабақ болды. Бір-екі мысал келтіре кетейін. Жатақхананың жағдайы ерекше жақсы болды. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында теледидар, шахмат-шашки, стол теннисі, әдеби кітап оқитын зал, жеке аспаптармен дайындалу үшін бөлмелердің болуы ерекше жасалынған жағдай еді. Жатақхананың іші-сырты гүлге оранып тұратын. Оның коменданты Клара Саниязқызы болатын. Демалыс күндері де ешқайда кеткіміз келмейтін. Өйткені, барлық жағдай бар. Асхананың ас мәзіріндегі тамақтар да өте дәмді болатын. Үш мезгілде талонмен ыстық тамақ ішетінбіз. Тамақ жасауға уақыт кетпейді, әуре болмайтынбыз. Студенттік өміріміз еш алаңсыз өтті. Осы оқу орнынан сапалы білім алдық, саналы тәртіпті үйрендік.
Не бердім дегендегі айтарым: Мәдениет үйінде жұмыс істегенде, интернат меңгерушісі болып қызмет атқарғанда ұстаздық жолда алған білімімнің пайдасы көп тиді. Оның дәлелі – өзіңнен тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттердің биіктен көрінуі.
Біздің топ жетекшіміз Нұрғалиева Нұрхан Нұрғалиқызы. Өте сауатты, ұйымдастыру қабілеті жоғары, қаталдығы да баршылық болатын. Біздің бағымызға қарай, жетекшілік еткеніне қуанатынбыз.Анамыздай болып кетті. Өз арамыздан бағыт-бағдар беріп, тығыз байланыста жұмыстар ұйымдастырып, шебер жетекшілік еткен (староста) Сатиев Бейсен ағамыз болды. Кеңінен ойлайтын. Топтың негізгі ұйытқысы болды. Оқу орнын «өте жақсы» деген ұлағатты сөзбен бітіруімізге үлкен септігі тиді. Бейсен ағамыздың ұйымдастыруымен оқу орнын бітіруіміздің 30 жылдық мерейлі күнін аталған оқу орнында өткіздік. Колледждің әкімшілігіне, ондағы еңбек етіп жатқан ұстаздарға алғысымыз шексіз. Құшақ жая қарсы алды. Студенттермен кездестік. Оқу орнынан алған біліміміз бен ұзақ жылғы жинақтаған іс-тәжірибемізбен бөлістік. Студенттерді толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап бердік. Бұл кездесудің де өзіндік тәрбиелік мәні зор болды.
Менің бұл мақаланы жазу себебім де, келешек ұрпақ ұйымшыл болып өссе, өз мамандығына деген қызығушылығы жоғары болса, ізденімпаздықпен жұмыстар жасаса алынбайтын қамал жоқ екендігін сезсе деген ой болатын. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген ұлы сөзі ойға оралады. Біздің жолымызды беріп әрбір студент өмірден өз орнын тауып жатса қандай бақыт десеңші!
Сөзімнің соңында сол бір жылдарда білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың есімін атай кеткенді жөн көрдім. Ханжаров Михаил Борисович, Готман Оскар Яковлевич, Күнсайын Қуатбаев ағамыз, Кенжетаева Сауле Бегалиқызы, Косых Валентина Антонова, Тоқмолдаева Гүлдария Сағидоллақызы және Мырзағұлова Майра апайларымыз сондай-ақ Нәжімеденов Жұмагелді, Исағұлов Сембек, Түлкиев Жұмабай, Жолшиев Нұрдаулет ағайларымыздың біразы өмірде болғанымен, біразы өмірден өтті. «Мұғалім ар мен ұяттан, шындық пен намыстан жаралған жан» деген ұлылардан қалған сөзге осы ұстаздарым лайық деп білемін. Біздерді білім нәрімен сусындатып, келешекке бағыт-бағдар берген бағдаршамымыз,ақылшымыз осы ұстаздар еді.
Бұл оқу орнын біз ешқашан ұмытпаймыз. Мақтан етеміз. Онда еңбек етіп жатқан ұстаздармен үнемі байланыстамыз, хабарласып тұрамыз. Ұстаздарға деген сүйіспеншілігімізді сонау 1981 жылы осы оқу орнының табалдырығын аттағанына 40 жыл толып отырған барша группаластарымның атынан сүйікті «Заман жаршысы» газеті арқылы осылай жеткізгім келді!
Мәулен ӨМЕКЕЕВ,
ардагер ұстаз.
Райымбек ауданы, Талас ауылы.