88 жылдық тарихы бар біздің «Заман жаршысы» газетінде осы уақытта жүздеген адам жұмыс істеп, заман талабына сай оқырман қауымды ауданның бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар етті, жақсы істерді жариялап отырды. Жаңалықтың жаршысы, кемшіліктің бетін ашушы болды. Бірқатар тілшілері кейіннен қаламы жүйрік журналист, атақты ақын-жазушы атанды. Кезінде редакцияны Үсенбай Тастанбеков, Шекербек Садықанұлы, Өтесін Құбиев сияқты білікті редакторлар басқарған.
Бұл мерзім ішінде газеттің аты да бірнеше рет өзгерді. Мәселен, ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Коммунизм үшін» деген атпен шығарылып тұрған. Ол кезде редакторы қасиетті Қарасай жерінің бел баласы, белгілі журналист-жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның абыз ақсақалы атанып, жүз жасаған марқұм Үсенбай Тастанбеков болатын.
1961 жылы 10 мамырда Қаскелең қаласында түсірілген мына суретте «Коммунизм үшін» газетінде қызмет істейтін жігіттер бейнеленген – Хасан Қазмұқанов (солдан оңға қарай), Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұрсұлтан Жүнісбаев, Григорий Муллин және Мұхаметжан Етекбаев.
Осылардың ішінен Нұрсұлтан Әлімқұлов (ән өлеңінің классигі атанған ақын, «Қайықта», «Әлі есімде», «Мойынқұмда», «Алтыным», «Алатау», «Таң самалы», «Бұлбұл» тәрізді тамаша әндердің сөзін жазған) пен Мұхаметжан Етекбаев (балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, туындылары орыс, неміс, украин тілінде жарық көрген, Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейін көп жыл басқарған) қара үзіп шығып, шығармалары мен есімдері бүкіл қазаққа танылды ғой!
Сөз соңында айтарымыз, бұл сурет марқұм М.Етекбаевтың жеке мұрағатынан алынды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.