26 сәуірден бастап елімізде халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық «QazVac» брендімен шығарылған «QazCovid-in» вакцинасы егіле басталды. Аталған вакцина несімен ерекшеленеді және қандай артықшылықтары бар. Бұл жөнінде Қарасай ауданаралық көпсалалы аурухананың дәрігер-эпидемиологы Балнұр Махмудова айтып берді.
– Алдыңғы кезекте ресейлік «Спутник V» мен «QazVac» брендімен шығарылатын «QazCovid-In» отандық вакцинасының айырмашылығы қандай?
– «QazCovid-in» вакцинасы өлі вирустан жасалады. Бұл баяғыдан келе жатқан технология. Мұның құрамында кәдімгі сол Covid ауруының залалсыздандырылған вирусы бар және оған иммуностимулятор қосылған. Құрамы осы екеуі. Одан бөлек кәдімгі су мен аздаған тұз бар. Мысалы, «Спутник V» – векторлы вакцина. Онда тасымалдаушы ретінде басқа вирусты алады. Олар аденовирусты алған. Ресей ғана емес, басқа да елдер де солай істейді. Яғни, аденовирусқа Covid вирусының аз ғана бөлігін жапсырады. Бірақ, ондай вирустың пайдалы әсері әлемде әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан қандай боларын ешкім әлі айта алмайды. Америкалық вакциналар – геномдық вакциналар. Оны қолданар алдында 70 градуста ұстау қажет. Ресейдікі де тірі вирус болған соң оны бұзылып кетпеу үшін 20 градуста сақтау керек. Ал, біздің вакцинаны тоңазытқышта қатты қатырмай алып жүре беруге болады. Осы түрлі вакцинаның ішінде Қазақстан вакцинасы – толық залалсыздандырылған вирустан дәстүрлі жолмен жасалған екпе. Өзгелерден артықшылығы да осы. Қорықпай сала берсеңіздер болады. Аллергиясы бар адамдар ғана дәрігердің бақылауында біраз отыру керек. Сонымен қатар, «Спутник V» бес дозалы болса, «QazVac» вакцинасының құтысы екі дозалы болып шығарылуда.
– Аталған вакцина адамды қай уақыттан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырудан сақтай алады?
– Қазақстандық ғалымдар QazVac вакцинациясынан кейін антиденелер қанша уақытқа дейін сақталатыны жайлы нақты мәлімет ұсынбады. Вакцина алған ғалымдарда тоғыз ай ішінде иммундық жауап жоғары деңгейде сақталғанын айтқан болатын.
– Неліктен вакцинациялау екі кезеңнен тұрады?
– Алдымен вакцинаның 0,5 мл бірінші доза салынады. Ол екпе Сізді тек қысқа мерзімге дейін қорғай алады. Ал, екінші кезеңді алғананан кейін ол біріншісін салынған екпенің қорғау жүйесін бекітеді. Сондықтан 42-50 күн ішінде адамның ағзасында иммундық жүйе қалыптасып, толықтай жұқпадан қорғай алады.
– Вакцинадан кейін адам өзін қалай сезінуі мүмкін? Бұл немен байланысты?
– «QazVac» тазартылған препарат және жақсы орнығады. Вакцина салған жерде ауырсыну, ісіну және қызару болуы мүмкін. Вакцина алған кей адамдарда әлсіздік, шаршағыштық, елеусіз дене қызуының көтерілуі байқалуы мүмкін. Ауырсынудан кейін ешқандай емдеу шаралары қажет етпейді. Мұндай жанама әсерлер үш күннен аспайды. Басқа вакциналар секілді аллергиялық реакциялар сирек пайда болуы мүмкін. Барлық адамда екпе алғаннан кейін жанама әсерлер бола бермейді. Ешқандай әсер болмауы да қалыпты жағдай.
– Ресейлік «Спутник V» вакцинасындағыдай «QazVac» отандық өнімін салуда да жастық шектеулер қарастырылған ба?
– Қос вакцина да балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынбайды. Оларға қарсы көрсетілімдер бар. Қазіргі уақытта аталған санаттағы адамдарды вакциналау туралы деректер аз. Зерттеу жүргізілмегендіктен, вакцина салуға тыйым жасалған.
– Сонымен қатар, тағы кімдерге вакцина салуға болмайды?
– Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға. Сонымен қатар, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек. Олар: бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары; эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті); қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары; эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары; жүрек-қан тамыр аурулары; иммун тапшылығы; аутоиммунды аурулар; өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары; метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема; қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.
– Вакцина салғандардың қандай артықшылықтары ба? «QazVac» екпесін алғандар Еуропа елдерінде жүре алмайды дегені рас па?
– Вакцина салған адамдардың саны артқан сайын қоғамда ең алдымен коронавирус инфекциясына қарсы иммундық жүйені қалыптастыруға зор мүмкіндік пен сенімділік туады. Вирусты жұқтыруы мүмкін қауіп жойылады. Сондықтан әрбір адамға екпе алу ең бірінші өз ағзасын сақтау үшін қажеттілігін айтқым келеді. Ал, біздің отандық вакцинаны салған болса, оның Еуропа елдерінде жарамайтынына қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан негізсіз айтылған мәліметтерге қатысты жауап бере алмаймын.
– Біздің ауданға «QazVac» брендімен шығарылатын «QazCovid-In» отандық вакцинасы қашан келеді? Қандай көлемде күтілуде?
– «QazVac» вакцинасының барлығымызға белгілі болғандай, ағымдағы жылдың сәуір айында 50 мың дозасы Қазақстанда өндірілді. Оның 4 мың дозасы Алматы облысына бөлініп, Талдықорған қаласындағы препарат дәрі сақтау қоймасына жеткізілген болатын. Қазіргі уақытта белгілі бір аудандар «QazVac» вакцинасын тұрғындарына егіп жатыр. Ал, біздің ауданға отандық вакцина әлі келген жоқ. Нақтылы келетін уақыты белгісіз.
– Қажетті ақпарат бергеніңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Бұрым ОРЫНБАСАР.