Қарасай ауданының аумағындағы 19 шақырымның маңы талай темір тұлпарды тізгіндеушілердің ашуын келтіреді. Өйткені олар бұл жердегі кептелістің кесірінен сағаттап уақытын жоғалтуда. Тар жолдың тамашасын көруден шаршаған көлік жүргізушілердің мәселесі алдағы уақытта қалай шешілмек? Осы жайында білу үшін күре жолдың бойына арнайы барып, тасжолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания өкілімен тілдестік.
Құлақпен естіп, көзбен көргеніміздей, кептелістің пайда болуына бір ғана себеп бар. Ол – жолдың тарлығы. Яғни, осы маңдағы елді мекендерден шығатын көліктер Алматыға бағыт алу үшін «Алматы-Бішкек» тас жолына шығып, кері айналуы тиіс. Ал жолдың тарлығы оның қарсы бағыттағы көлік қозғалыстарына кедергі келтіретіні айтпасақ та белгілі. Аталған мәселенің шешімі – жолды кеңейту. Оған қатысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Алматы облысы бойынша филиал директорының орынбасары Шығысхан Мұратбекұлы түсінік берді.
– Жолды кеңейту бойынша арнайы жоба әзірленуде. Яғни, төрт жолағымыз 6-ға ауысады. Сондай-ақ жолдың бойында бір жолайрық пен жаяу адамдарға арналған екі көпір салу жоспарлануда. Қарсы бағытқа өтетін тұсы Долан ауылының маңында орналасады. Қазір жол құрылысына қажетті жер телімдерінің кімге тиесілі екені анықталуда. Алдымен соны аяқтап алуымыз керек. Сондықтан жолды кеңейтуге қатысты жұмыс қашан аяқталатынын нақты айта алмаймыз. Бірақ жоба қолға алынды, – дейді Шыңғысхан Мұратбекұлы.
Көлік ағынын тежейтін бұрылысқа келгенімізде осы маңнан жиі өтетін бірнеше көлік жүргізушілері кептеліске қатысты ойларын айтып, бұл мәселенің шешіміне қатысты ұсыныстарын білдірді.
– Уақытым жоғалады, әрине. «Алтын орда» базарынан осы жерге дейін 5 минут еді, бірақ мына кептелістің кесірінен 45 минутым кетеді, – деп шағымданды жақын маңда тұратын Қуандық Оразов.
Ал Қанат Рахымбаев 19-шақырымның бойындағы көліктердің қаз-қатар қозғалыссыз тұруы күнделікті көрініс екенін жеткізді.
– Бұл жолдың бойында біраз уақытымыз өтеді. Әсіресе, жол-көлік оқиғасы орын алғанда көліктердің қозғалуы қиындай түседі. Өйткені бәрі асығып қарсы беттегі жолды тез қиып өтпекші болғанда басқа көлікке соғылады. Нәтижесінде көліктердің кептелісі ұзаққа созылады, – деді ол.
Тұрғындармен тілдесу кезінде күре жолдың бойындағы мәселенің уақытша шешімі табылатынын естідік. Ол жайында ұсыныс білдіргендердің бірі – Ержан Төлегенов. Оның айтуынша, дәл бұрылыстың тұсына бағдаршам орнату қажет. Сонда ғана жол ережесі сақталып, тәртіп орнамақ.
– Бұл жерге көліктерге арналған айналма жол салу үшін қаншама жыл кетеді. Оған дейін бағдаршам қойған дұрыс. Сөйтіп, әркім жол ережесіне бағынып, өз бағыттарымен жүреді, – деді Е.Төлегенов.
Тас жолға қатысты мәселенің мән-жайы осындай. Күре жолға қатысты ауқымды жоба қолға алынғанын түсіндік. Енді оның жеделдетіп жүзеге асуы уақыттың еншісінде екені анық. Бастысы, ел тілегі ескерілсе екен дейміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.