Облыстық білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданында «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты педагогтарды марапаттау кеші өткізілді. Ұзынағаш ауылының Мәдениет үйіндегі салтанатта өңірдегі білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздар ұлықталды.
Қала мен аудандардан келген ұлағатты ұстаздардың есімдері сахна төрінде ілтипатпен аталып, құрмет көрсетілді. Олай болмағанда ше. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, саналы тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Олардың білім беріп қана қоймай, адамгершілік ізгі қасиеттерге баулып, жастарға ұлттық рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор. Сондықтан да ұстазды ұмытпау да, ұлықтау да парыз екені тағы еске салынды. Салтанатты кеште өңірдің үздік ұстаздарын облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының бас маманы Асқар Ташранов құттықтап, марапаттарын тапсырды.
«Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттеріне күндей жарық береді. Сіздердің дана көңілдеріңіз әр оқушының жан-дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде», деген жарқын сөздермен басталған іс-шарада өңірдің үздік 122 мұғалімі түрлі марапатқа ие болды. Олардың арасында жалпы білім беру мекемелерімен қатар қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері де бар.
Алдымен елімізде бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі және оқушылар арасында ұлттық мектеп лигасын насихаттауға сіңірген еңбегі үшін бір топ спорт саңлағы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олар – Дильмурат Исламов, Рауан Усимбаев, Аслан Нурмаханбетов, Дина Әділбаева, Болат Аязбаев, Азизбек Торткулбаев, Наурызбай Артанов, Қуаныш Исин, Юсупжан Аблизов, Дидар Бактыбаев және Чолпан Амраева. Одан соң білім беру жүйесіндегі кәсіби біліктілігі және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жеткен жетістіктері мен дене шынықтыру саласына қосқан үлестері үшін ұстаздардың бірқатары облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды.
Сондай-ақ білім басқармасының Құрмет грамотасы білім мекемелеріндегі әскери-патриоттық тәрбиенің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін 20-ға жуық алғашқы әскери дайындық пәндерінің жетекшілеріне берілді. Одан бөлек облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хаты 25 ұстазға тапсырылды. Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарының бірнеше дене шынықтыру пәндерінің мұғаліміне де осындай құрмет көрсетіліп, Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының Алғыс хаты табысталды.
Сахнада сөз алған облыстың оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асан Омашев аудандық, қалалық білім бөлімдерінің 2022-2023 оқу жылындағы жалпы атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша үздіктерді жария етіп, марапаттарын тапсырды. Бұл орайда 1-орын Іле, 2-орын Жамбыл, ал 3-орын жүлдесі Қарасай ауданына берілді. Сонымен қатар облыстың жалпы білім беру мектептерінің 5-6, 7-8, 9-11 сыныптарындағы ұлдар, қыздар арасындағы «Ұлттық мектеп лигасы» ойынында жалпыкомандалық есеп бойынша жүлдегерлерге құрмет көрсетілді. Мұнда Қарасай ауданы 1-орын, Іле ауданы 2-орын, Еңбекшіқазақ ауданының командасы жүлделі 3-орынға ие болған.
Бұл күні білім саласында еңбек етіп жүрген Жамбыл ауданының да бірқатар ұстаздарының мерейі үстем болды. Атап айтқанда, Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Жанар Ермекбаева, Жаңақұрылыс ауылындағы «Жас ұлан» оқушылар үйінің басшысы Райхан Жәнібекова, Қарғалы ауылындағы оқушылар шығармашылық орталығының мұғалімі Кәусар Лескенқызы марапатталды. Сонымен қатар Жамбыл ауданының дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Жанат Әмірбаев, Елберген Төлеубаев, Мадияр Нұрманұлы, Бектұрған Тұрсынәлі, Жандос Әтейбай, Ерғазы Элдар, Мирас Бейсембаев, Қазыбек Алқожаев, Бекжан Жеңісұлы, Қанат Сәрсенұлы, Айтбек Біржанұлына сахна төрінде лайықты ілтипат көрсетілді.
«Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты марапаттау кешінде облыс педагогтарының қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектері Жамбыл ақын елінде осылайша құрметпен атап өтілді. Өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне толымды табыс тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.