Кеген ауданындағы Қарқара ауылында тұратын Ізтілеу Нүсіпқожаев – жоғары білімді агроном. Ол былтыр бір айлық кәсіпкерлер оқуын оқып, қолына арнайы сертификат алды. Одан кейін жаңа жұмыс орнын ашу жөнінде бизнес-жобасын жасады. Сол арқылы қолға алған жұмысын облысқа ұсынып, грант иесі болды. Қарқарадай ауылы ежелден қысы қатал, қарсауыт мекен болғандықтан тереңдігі 2,5 жарым метр болатын жер асты негізіндегі 50 шаршы метрлік, жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай орнатты. Оған жарық орнатылған, жылу жүйелері жұмыс істейді. Жыл бойы қалыпты жылылығын сақтайды. Биылғы жылдың бас кезінен бастап жылыжайында әртүрлі гүлдер өсіруді қолына алған. Жеміссіз емес. Өсірген раушан гүлдері игілікке айналуда. Биылғы көктемде Кеген аудандық әкімдігінің алдын, ауылдағы соғыста қайтыс болған жауынгерлерге арналып орнатылған ескерткіштің алдын гүліне толтырды. Гүлдерін аудан орталығындағы бірсыпыра мекемелер пайдаланды. Ізтілеу ағамыздың жылыжайында қызанақ, қияр, қырыққабат та өсірілген.
Әр күні ізденіске толы еңбекқор азамат алдағы уақытта үйінің ауласынан 120 шаршы метрлік көкөніс өсіруге арналған жаздық жылыжай салуды көздеп отыр. Оның алғашқы құрылыс жұмыстары қолға алына бастапты. Ауыл, аудан тұрғындарын қызанақ, қияр секілді көкөніспен қысқа дейін қамтамасыз ету мақсатын көздеген осынау игілікті шаруаға аудан әкімдігі тарапынан да лайықты қолдау көрсетілгені ләзім. Өйткені өңірде жылыжай жоқтың қасы. Оған негіз қалап жүрген Ізтілеу ағайға алғыстан басқа айтар жоқ. Ол кәсіпкерлік ісіне жол ашқан, бизнес-жоспарына көмектескен Жанна Қырғызәліқызы бастаған аудандық кәсіпкерлер палатасының атына жүрекжарды алғысын білдіреді. Ел мен жер үшін осындай іс жасап жүрген азаматтың қолы қуатты болсын!
Суретте: жылыжай иесі, кәсіпкер азамат Ізтілеу Нүсіпқожаев.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.