Қазіргі таңда елімізде тұрақты жұмыс орнынан гөрі ықылас-ниеті мен талпынысының арқасында өздерінің кішігірім кәсіптерін ашып, соны дамытуға бар күшін салып жүргендер жетерлік. Әрине, кәсібін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер мемлекет тарапынан да қолдауға ие.
Кәсіптің түрі көп. Әйтсе де жыл өткен сайын осындай азаматтар ауылшаруашылық жағына ден қойып келе жатыр. Соның арқасында бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында көкөністер өсіретін жылыжай шаруашылығы дамып келеді. Осындай шаруашылықтан несібесін тауып отырғандардың бірі – Асы ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Марат Мәнсұров.
Алматы қаласымен аудан тұрғындарын сапалы әрі арзан бағадағы өнімдермен қамтамасыз етуді мақсат еткен ол 2018 жылы өз өңірінде 10 сотық болатын алғашқы жылыжайын ашқан. Тиянақты еңбегінің арқасында 3-4 жылдын аралығында жылыжай аумағын 21 сотыққа дейін ұлғайтқан.
Көкөніс пен жеміс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Алайда бұл оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Осыны түсінген ол ең әуелі Шелек өңіріндегі «Жергілікті Қауымдастықтар Қорының» бағдарламасы аясында арнайы оқыту курсынан өткен. Оның барысында кәсіби мамандардан сабақ алып, бизнес, жылыжай шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын меңгерген.
– Алғашқы кездері біздің жылыжайда көкеністерден қияр мен қызанақ өсірумен айналыстық. Біраз уақыттан кейін жылыжайға құлпынайдың америкалық сортын еге бастадық. Оны желтоқсан айында нарыққа шығардық. Қазіргі жылыжайдағы егілген көшеттің әр түбінен 700 граммнан артық өнім алуға болады.
Іс жүре бастағаннан кейін Алматы қаласындағы «Magnum» және «Метро» сауда орталықтарымен келісім-шарт жасасып, жылыжайдағы көкөністерімізді соларға сатамыз. Мұндағы жұмысшылардың көбі аудан тұрғындары. Негізі жылыжай шаруашылығы ауылдардың әлеуетін көтеруге мол мүмкіндік береді, – дейді Марат Мәнсұров.
Әр көкөніс пен жемістін күйі бөлек. Дегенмен құлпынай өсірумен біраз жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкердің айтуынша, бұл жеміске аса бір ерекше күтімнің қажеті жоқ. Тек тұқымды жақсы таңдай білу, түбін жиі-жиі қопсыту керек. Сондай-ақ бұл ылғалды сүйетін өсімдік болғандықтан оны тамшылатып суару әдісімен өсіру тиімді. Себебі аққан су далаға кетпей, әрбір қоршалған құлпынай көшетінің бойына ғана тамады. Және басқа да өнімдерді сияқты уақытында арамшөптерден қорғап отыру қажет.
Шаруа қожалық иесінің сөзінше, қарапайым жылыжай кешендері әр өңірде болуы керек. Олардың көптігі бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халықтың өздерінде өскен экологиялық таза әрі сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алып тұтынуына мүмкіндік туар еді.
– Көкөніс өндірудің үлкен әлеуеттері бола тұра, біз импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Бұл салада инвестицияның аздығы сезіледі. Жалпы кәсіпкерлер жылыжайдың болашағы зор екенін ұғынғаны жөн сияқты. Мұндай кәсіптен қорқудың қажеті жоқ өйткені осы уақытқа дейін бір түсінгенім адам баласы бір істі ынта-шынтасымен қолға алса, оның түбіне жетпей қоймайды екен. Осы істі бастағанымызға көп жылдар болмаса да, ақырындап еткен еңбектің жемісі мен жеңісінен дәм татып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде аталмыш жылыжай бір отбасының ғана емес, тұтас бір ауылдың мақтанышы десе де болады. Өнімдері сұранысқа ие арзан, сапалы әрі балғын.
Марат Мәнсұров үлкен жылыжай салып, елімізді көкөніспен қамтамасыз етуді де қарастыруда, алайда, қыруар қаржы керек. Шаруа оңға басса бұл істі де қолға алуға пейілді.
Олай болса еңбекқор азаматтың алдағы үлкен жоспарларын асыруда сәттілік тілейміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.