Қыстың қамын жазда ойлап, күздің қара суығына сақадай сай болған жақсы. Осы мақсатта қазір өңірлерде жылыту маусымына ерте қамдану жүріп жатыр. Бұл дайындықты Қарасай ауданы да жоспардан тыс қалдырмай, назарға алған. Оған қатысты ақпараттың анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық. Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мәлмдемесіне сүйенсек, ауданымызда 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына деген әзірлік алдын ала пысықталған. Әсіресе, елге қызмет ететін назардағы нысандардың жағдайы ұмыт қалмады.
Ауданда бүгінгі таңда жалпы алғанда 127 бюджеттік мекеме бар болса, сала бойынша оның ішінде 72-сі – білімде, 34-і –денсаулық сақтауда, 6-ы – мәдениетте, 4-уі – спортта, 14-і – әкімшілік ғимараттарда орналасқан. 2025 жылдың сәуір айынан бастап алдағы жылыту маусымына дайындық жөнінде үш штаб отырысы өткізілді.
Білім саласы бойынша бүгінгі таңда ауданда 62 жалпы білім беретін мектеп, 10 мемлекеттік балабақша саны тіркелген. Оның ішінде 60 мектеп және 9 балабақша газбен жылытылса, бір мектеп (Б.Тамабаев атындағы) сұйық отынмен, тағы бір мектеп (А.Макаренко атындағы) пен бір балабақша (Қаскелеңдегі «Жанерке) орталықтандырылған қазандыққа қосылған.
Қазандықтардың техникалық жай-күйін тексеру және тазалау бойынша арнайы жұмыс кестесі бекітіліп, бүгінгі күнге дейін барлық 45 мектептің жылыту жүйесіне жоспарлы техникалық қызмет көрсетілді. Жүргізілген жұмыстарға отын қалдықтары мен күйені тазалау, желдеткіш жүйелерін тексеру, арматуралар мен клапандардың жарамдылығын анықтау, сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары кірді.
Ал «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған Қаскелең қаласы мен Долан, Елтай, Қошмамбет, Көкөзек, Кемертоған ауылдарындағы білім ошақтарының қазандықтары «Буран бойлер» ЖШС-нің 3 жылдық кепілдік мерзімінде, тиісінше техникалық қызмет көрсету осы компанияға жүктеледі.
Қаскелен қаласындағы 9 мемлекеттік мектепте жан басына қаржыландыру аясында жеке конкурс өткізіліп, жылыту маусымына дайындық жұмыстары дербес жүргізілуде.
Сонымен қатар аудандағы жылыту қазандықтарының техникалық ақауына байланысты Үшқоңыр гимназиясы мен М.Мәметова атындағы орта мектептегі қазандықтар істен шыққан және оларды қайта жөндеу немесе толықтай ауыстыру қажет. Бұл мәселе, әсіресе, қыс мезгілінде ішкі температуралық режимнің сақталуына кері әсер етуі мүмкін.
2025 жылы аудан аумағындағы білім беру ұйымдарының газбен жылыту жүйелеріне техникалық қызмет көрсетіліп, жоспарлы ағымдағы жөндеу ретінде газ реттеу блоктарына кешенді техникалық, ақауларды жою, газ жабдықтарын реттеу, қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке келтіру сияқты жұмыстар жүргізілді.
Ал аудан аумағындағы 6 мәдениет ошағы мен спорттық бағыттағы 4 нысан газ жүйесіне қосылған.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, 33 ғимараттың 26-ы көгілдір отынмен, ал алтауы (Жармұхамбет, Исаев, Үштерек, Көлащы, Ақсеңгір, Көкөзек, Тұрар ауылдарының дәрігерлік амбулаториялары) қатты отынмен жылытылады. Әрбіріне қажетті отын үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Тұрғын үйлердегі жылытуға келер болсақ, аудан бойынша 348 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның 101-і орталықтандырылған қазандықтан, ал қалған 247-cі жеке газ құрылғысымен жылытылады.
Ал тұрғындарды қатты отын қорымен қамтамасыз ету бойынша газетіміздің өткен санында жария еткенбіз.
Елді мекендерді газбен қамту жүйесіне тоқталайық. Бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 813 шақырымды құрайды. 47 елді мекеннің тұрғындарының газбен қамтылуының пайыздық көрсеткіші – 89,3%. Тек қана төрт ауыл газ жүйесімен қамтылмаған. Олар –Сауыншы, Жыңғылды, Құрқұдық және Айқым. Осының ішінде Сауыншы елді мекенін газдандыру жұмысы алдағы уақытқа жоспарланып отыр. Аталған елді мекенде 210 тұрғын үй, 1500-ге жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындары қазіргі таңда көгілдір отын және қатты отын қолданады. Ауылға газ тарту мәселесін шешу барысында «Сигма Газ» ЖШС-нің тапсырысы бойынша 2020 жылы құрылысы 260 млн. теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім берілген болатын. Алайда соңғы уақытта ауылда жаңа құрылыстың қарқынды өсуіне байланысты жоба түзетуді талап етті. Осыған байланысты Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы тарапынан жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірленді Жоба бойынша құрылыс сомасы 341 млн. теңгені қажет етеді. Қазіргі таңда қаржыландыру күтілуде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
