Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аймақ бойынша отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және бюджеттік сала нысандарының 2020-2021 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жөнінде штаб отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Қанат Аймановтың төрағалығымен өткен бұл басқосуға округ әкімдері, жылыту маусымы бойынша аудандық штаб мүшелері, басқа да осы сала қызметіне қатысты жауапты басшылар шақырылды.
Штаб отырысын ашқан Қанат Сабырұлы алғаш сөз кезегін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаевқа берді. Ол алдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі ахуал барысын баяндады.
Оның айтуынша, биыл ауданымызда жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымына қазірдің өзінде 53 мектеп, 10 балабақша, 33 денсаулық сақтау нысандары мен 307 көп пәтерлі тұрғын үйлер әзір. Мұнан бөлек Іргелі округі мен Қаскелең қаласындағы «Асыл арман», «Алтын ауыл» және «Қарлығаш» ықшам аудандары, сондай-ақ, Ұмтыл округіндегі Мерей елді мекенінде көп қабатты тұрғын үй кешендеріндегі жылу беретін қазандықтар мен пештер толығымен дайын. Сонымен қатар, Шамалған бекетінде орналасқан қоймаларға 2020-2021 жылы 425 000 тонна көмір жеткізу жоспарланған. 2020 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін көмірмен қамтамасыз етуші мекемелер тарапынан тұйықтарға 143 780 тонна, мамыр айынан бүгінгі күнге дейін 81 035 тонна көмір жеткізіліп, оның 69 035 тоннасы сатылды. Бүгінде тұйықтарда 12 000 тонна көмір бар.
Мұнан бөлек жиын барысында аудан әкімінің орынбасары бүгінгі бас қосуға келген әр мекемелердің өкілдері мен отырысқа «Zoom» арқылы қатысқан округ әкімдерінен жылыту маусымына қаншалықты дайын екенін сұрап, олардың тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуін бақылауды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына тапсырып, атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша тағы да келіп есеп беруді жүктеді.
Отырысты қоры-тындылаған Қанат Сабырұлы алдағы жылу беру маусымы қазіргі ең басты шаруа екендігін тағы бір шегелей айтып, оны ешқандай кедергісіз өткізу қажеттігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.