Жылыту маусымына деген дайындық –жыл сайынғы күн тәртібінен түспейтін шаруалардың бірі. Әсіресе, көп қабатты үйлердегі жылу жүйесінің реттелуі маңызды. Бұл ретте, әрине коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс сапасы көңіл қуантатындай болуы керек.
Осы мақсатта биыл Қаскелең қаласындағы бірнеше тұрғын үй кешенінде жылу беру қызметін көрсететін компания ауысты. Атап айтқанда, алдағы жылыту маусымынан бастап «Талғар жылу» деп аталатын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жұмысқа кіріседі. Аудан әкімдігімен жасалған келісімшарт бойынша бұл мекеме ұзарту құқығымен алдағы үш жылда тұрғындарға жылу таратады.
«Талғар жылу» мемлекеттік кәсіпорны атауы айтып тұрғандай, Талғар ауданының компаниясы болып табылады. 2021 жылы Талғар ауданы әкімінің қаулысы негізінде құрылған. Негізгі қызметі – жылу энергиясын өндіру, жеткізу, тарату және жабдықтау. Осы мақсата ол бүгінгі таңда Алматы облысына қарасты Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандары мен Алатау қаласында орналасқан бірнеше елді мекен мен тұрғын үй кешендеріне қызметтерін ұсынып, жылы берумен айналасады. Енді олардың қатарына биылғы жылдан бастап Қарасай ауданы қосылды.
Біздің аудан аумағында аталған мекеме «Алтын ауыл», «Қарлығаш», «Арнау» тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетеді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін аталған кешендердегі қазандықтарға «BeyAzh Trans», «Таусамалы Қызмет» сынды компаниялар жауапты болған еді. «Талғар жылу» мекемесі берген ақпарат сүйенсек, тұрғын үйлердегі қазандықтарды бұрынғы қызмет көрсетуші компаниядан қабылдау кезінде біраз қиындықтар туындаған. Мәселен, қазандықтардың, басқа да жабдықтардың және жылу желілерінің тозуы айтарлықтай байқалған. Оларды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының уақытында жүргізілмеуі анықталған. Одан бөлек бұрын қызмет көрсеткен мекеме тарапынан жылу жүйесіне тиісті құжаттар болмаған. Жалпы айтқанда, осы сияқты басқа да мәселелер кездескен.
Көп қабатты тұрғын үй болғандықтан, халықтың саны да аз болмайтыны белгілі. Сәйкесінше, ұсыныстар мен арыз-шағымдар туындап жатады. Мұндай жағдайда «Талғар жылу» компаниясы абоненттермен кері байланыс орнатуға дайын екенін алдын ала ескертуде. Егер тұрғындар тарапынан өтініш түсіп жатса, оны бірнеше тәсілмен қарастырады. Атап айтқанда, ұсыныстар мен шағымдардың қағаз түріндегі көшірмелерін «Талғар Жылу» мекемесінің (мекенжайы: Қаскелең қаласы, Жанғозин көшесінде орналасқан «Кемел» ТК, 61 «б» үй, 2-қабат, 39-кеңсе) кеңсесіне немесе «eOtinish.kz» порталы арқылы электронды түрде жіберуге болады. Сондай-ақ тұрғындар 8-700-283-54-57 телефон нөмірі бойынша тәулік бойы кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне хабарласа алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
