«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Жамбыл ауылдық округі ауданымызға қарасты ең жас округтердің бірі болып табылғанымен, бүгінгі таңда осындағы ауыл экономикасы да едәуір артып келеді. Ал, оған қолғабыс етушілер қатарына ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлік ортаны жандандырып жүрген еңбеккерлерді ерекше айтуға болады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай солардың ішінде осы округке қарасты Ұлан ауылының тұрғыны Төлеухан Әділханов жайлы жазуды жөн санадық.
Төлеухан Сәметұлы 1961 жылы әкесі Сәмет Әділханов пен анасы Күпан Нұрғалиқызы шаңырағында дүниеге келген. Әкесі мал шаруашылығымен ертеректен бастап айналыса бастаған, сол кезден-ақ малдың бабын таба білген азамат еді.
– «Бақпасаң мал, қарамасаң қатын кетеді» деген сөздің жаны бар. Малың төлдеп, қораңды кеңейтуді ойласаң әр түліктің жағдайын жасау керек. Кез келген жұмысқа жаныңды беріп, жақсы көріп істесең ғана жетістікке жетесің. Мәселен, отбасымызда он баламыз – алты қыз және төрт ұл. Солардың ішінде тек мен ғана әке жолын қуып осы шаруашылыққа кеттім. 12 жасымнан бастап мал бағуға араласа бастадым. Әлі есімде, 16 жасымда әкем жылқы сыйлады, сол кезден бері ат баптауға қызығушылығым оянды. Бүгінде, міне, соны тікелей кәсібіме айналдырып отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Мал баптауға әбден машықтанған Төлеухан ағамыз Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы мал шаруашылық институтында «тұқымдандыру» мамандығы бойынша тәжірибелік тәлім алған. Сол алған білімі әлі күнге дейін өз жемісін беруде. Әр жылдары сол кездегі КИЗ-дегі (қазір Алмалыбақ ауылы) Қазақ егіншілік ғылымы-зерттеу институтынының тәжірибе шаруашылығының мал өсіру бағытында, құрылыста жұмыс істеген. Уақыт өте келе, 1989 жылы жұбайы Сайра Әбдірасилқызымен отау құрады. Өмірдің қай арнаға бұрары белгісіз емес пе! Әйелінің анасы өмірден озған соң, қайын атасын жалғыз тастамас үшін Төлеухан аға жарына қолдау білдіріп екеуі Талдықорғанға қоныс аударады. Ол жақта 18 жыл тұрыпты. Айта кетерлігі, кейіпкеріміз ата кәсіпті ол жақта да жалғаған. Қолдағы10-15 малы сол уақыт аралығында 100-ге жуықтаған. Қайын атасы өмірден озған соң 2006 жылы туған жеріне қайта оралған.
Содан кейін кәсіпкер ретінде шаруашылықты Ұлан ауылындағы өз үйіндегі шағын қоражаймен бастаған. Атакәсіптен хабары бар Төлеухан Сәметұлы уақыт өте келе өзінің шаруа қожалығын «Абай» деп аталатын отбасылық кәсіпте біріктіреді. Бұған дейін «Абай» шаруа қожалығы азғантай мал шаруашылығымен өз жұмысын жүргізіп келген. Кейін екі шаруашылықтың басы бірігіп, ауқымы кең шаруа қожалыққа айналған. Жалпы, Төлеухан Әділхановтың кәсіптік жолға келуіне «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ықпалын тигізген. Осы орталықтың жәрдемімен шағын несие алып, шаруашылыққа бет бұрған.
Әңгімемізге арқау болып отырған Төлеухан аға басшылық ететін «Абай» шаруа қожалығы осы уақытта мал өсіруден бөлек, құс өсірумен де айналысыпты. Бұл шаруа қожалық бастапқыда, 6-7 жыл бұрын 10-15 ірі қара малмен бастап, уақыт өте келе төлдетудің арқасында мал бастарын көбейте түскен. Қазіргі уақытта Іле ауданында Бақбақты ауылында 1800 га жерде «Абай» шаруа қожалығы қора-жайлармен жабдықталған. Онда қазір 400-500 қой бар, 150 сиыр болса, 100 бас жылқыдан қымыз, саумал сияқты сүт өнімдері өндіріледі.Сондай-ақ, жылқылардың арасында Америка, Англия, Польша, Араб елдердің асыл тұқымды түрлері де бар. Олардың ерекшеліктері бірден көзге түседі деп айтуға болады. Себебі, бойшаңдығы мен жылқы малына тән сұлулығының өзі көздін жауын алады. Осы асыл тұқымды аттардан тұқым алып, асылдандыру мақсатында өсірудің өзін шаруа қожалықтың тағы бір ұтымды жағы десек те болады. Бұдан бөлек, жылқылардың ішінде бәйге жарыстарына және серуендеуге арналған аттар да бапталады. Аталған қос жануардан шаруа қожалық соғым ретінде де азығын алуды үрдіске айналдырған. Сонымен қатар, Төлеухан аға «романов» тұқымды қойды өсіруді қолға алып отыр. Қазіргі уақытта Ұлан ауылындағы үйінде кішігірім қора жайында 30-ға жуық жылқысы бар. Қол қусырып отырғанды жаны сүймейтін кейіпкеріміз жасы алпысқа толып, көмекшісі болса да басым бөлігінде сол аттардың бабын өзі жасайды. Ерте тұрады, жемшөбін салады. Бақбақтыдағы шаруа қожалығына барып, бір ай көлемінде жатып мал-жанның да жай-күйін бағамдап қайтуды естен шығармайды.
«Абай» жеке кәсіпкерлігі сиыр мен жылқы малын өсірумен қатар, жоғарыда көрсеткеніміздей, құс шаруашылығын да қолға алып, айналысқан. Оның да тұқымын көбейту арқылы етін өндіруде.
Жалпы, осы шаруа қожалықтан өндірілетін бүкіл ет, жұмыртқа сияқты тағамға арналған өнімдер қазіргі уақытта тек қана «Khama Park» мейрамханасын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, жылқының қымыз, саумалы мен сиырдың сүт өнімі де осы мейрамханаға тасымалданып, сол жақта ірімшік, құрт жасалып, қаймақ алынады.
Төлеухан Сәметұлы басшылық ететін «Абай» шаруа қожалығында жылқы-сиырдың алаңсыз жайылып, аттардың бапталуына, құстардың алаңсыз өсіп-өнуі мен тазалығына жауапты, әрі шаруашылықтың бабын білетін 7 жұмысшы қызмет етеді. Қораның ішінде ірі қара малдарға жемшөбі ботқа ретінде жасалынатын арнайы пеш те салынып, тұрақты температурада малдардың азықтары дайындалатындай барлық жағдай жасалынған.
Жылқы малын өсіріп, отбасылық кәсіптен нәпақа тауып отырған Төлеухан аға мен Сайра әпкеміздің 4 перзенті бар. Үш қыз бір ұл тәрбилеп өсірді. Балаларының алды өз шаңырағын тіктеген болса, кейінгілері оқу оқып, білімін жетілдіруде. Қазір екі қызы тұрмыста, олардан алты немересі бар.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Абай» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.