Жаны жомарт қарасайлық Арайлым Акимова өз ісін бастағысы келетін, аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған, азаматқа қол ұшын созып, оның жеке кәсібін бастауына көмек көрсетті.
Ауданымыздың қайы-рымды азаматтары әрқашан да жақсылық жасаудан жалыққан емес. Көмекке зәру жандарға жәрдем беруге асығатын олардың қолдауымен өтіп жүрген сауабы мол істер саны күннен-күнге артып келеді. Жуырда, біз тағы бір қарасайлықтың қайырымды ісіне куә болдық.
Арайлым Акимова аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған Үштерек ауылының тұрғынына өз ісін бастауға көмек көрсетті. Нақтырақ айтқанда, ол азамат осы уақытқа дейін өзінің кішігірім тауық өсіретін фабрикасын ашып, жеке ісін бастағысы келген. Алайда, карантин кезінде жұмысынан айырылып, қаражат жағынан қиындық көре бастаған. Бұл ретте аудандық пробация қызметінің басшылығы, әр игі істің басы-қасында жүретін жомарт жүректі қарасайлық азаматтардың көмегіне жүгінген. Осылайша қиын жағдайда қалған үш балалы әкенің мәселесін естіген Арайлым Алтайқызы барынша жәрдем көрсетіп, қол ұшын беруді жөн санаған. Сөйтіп, өз қаражатына балапандарды өсіруге арналған жылу шамы бар «Брудер» құрылғысын сатып алған. Өткен аптаның жұмасы күні ол құрылғыны, пробация қызметкерлерімен бірге, ісін бастағысы келіп отырған азаматтың үйіне апарып, сыйға тартты.
Осылайша қарасайлық жомарт жан бүгін ауданымыздың тағы бір отбасына өз ісін бастап, аяққа тұруға мүмкіндік беріп, қуаныш сыйлады. Мұндай көмекті күтпеген азамат жеткізілген сыйды бар ризашылығымен қабылдап, Арайлым Акимова мен аудандық пробация қызметі басшылығына шексіз алғысын білдірді.
Тағы бір айта кететіні, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова, Арайлым Алтайқызының игі ісіне тәнті болған, аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенованың жылы лебізін жеткізіп, Алғыс хатын табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.