«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» шағын бағдарламасы аясында туған жерінің дамуына көп үлесін қосқан азаматтарға арналып «Жомарт жүрек» жобасы ұйымдастырылған. Иә, азаматтық жауапкершілігімен өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар көтермелеуге лайықты. Осыған байланысты өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Жандарбек Далабаев аудандық кезеңнің қорытындысына сәйкес, осы сыйлыққа лайықты деп табылған бірқатар тұлғаларды марапаттады. Атап айтсақ, олар – аудандағы елді мекендерді абаттандыруға, ескерткіштер салуға, қоғамдық маңызды шараларға демеушілік жасағаны үшін «Алматыгазсервис – Холдинг» АҚ («Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша), ҰОС ардагерлеріне қайтарымсыз көмек көрсетіп, әртүрлі бағыттағы қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін облыстық мәслихат депутаты, «Жөндеу құрылыс-11» ЖШС-нің бас директоры Алибек Сарсенов («Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша), ал, аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектерге көмек көрсеткені үшін «Айкул» ЖШС-нің бас директоры Серікхан Әділханов («Жыл меценаты» номинациясы бойынша). Аудандық кезеңнен өтіп, облыстық деңгейде бақтарын сынайтын үміткерлеріміз үздік деп аталса, республика көлемінде еңбектері еленбек. Ал, біз өз тарапымыздан таңдаулы тұлғаларымызға сәттілік тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.