Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауына арналған аудан активінің жиналысы болды.
Ел өміріндегі аса маңызды осы оқиғаға арналған бас қосуды аудан әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков ашып, жаңа жарияланған Жолдау жайында жан-жақты айтты, оның шешуші он міндетіне жиналғандардың назарын аударды.
Жиында алдымен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов сөз алып, Тұңғыш Президентіміздің халыққа арналған жыл сайынғы Жолдаулары жақсы дәстүрге айналғанын, онда берілген тапсырмалар мен қойылған міндеттерге орай туған республикамызда көптеген аса ауқымды жұмыстар атқарылатынын баяндады.
– Енді Жолдаудағы, өзім педагог болғандықтан, жаныма жақын «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші міндетке кеңінен тоқтала кетейін, – деді Сағат Ұлтарақұлы. – Оның ішінде, әрине, білім беру саласы туралы. Елбасы бұл мәселеге де әдеттегідей айрықша назар аударған. Себебі, ел ертеңі, келешек тұтқасын ұстайтындар – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан олардың білімі мен тәрбиесі әрдайым бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұл ретте Елбасы мектепке дейінгі білім беру ісіне бірыңғай стандарттар енгізу, орта білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнға көшу, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытудың сапасын күшейту, оқушылардың жүктемесін төмендету, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісін құру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламаларын жаңарту туралы атап айтты, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы орайда мұғалімдердің жалақысы, біліктілігінің расталуына байланысты, тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өсетіндігі де еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген бүкіл ұстаздар қауымын қатты қуантып отыр. Туған халқының қамын жеген Президентіміздің, елі сүйген, елін сүйген Елбасымыздың Жолдауын толық қоштап-қолдаймыз!
Келесі кезекте аудандық орталық аурухана профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Дана Таждинова сөйлеп, Жолдау туралы ой-пікірін ортаға салды.
– Президент өз Жолдауында денсаулық сақтаудың жұмысы негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс, деп атап көрсетті, – деді ол. – Сонымен қатар, ауруды ерте диагностикалау, онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын жасау тәрізді маңызды мәселелерге назар аудартты. Біздер, медицина қызметкерлері де, Елбасының Жолдауын толық қолдаймыз, онда қойылған міндеттерге сай жұмыс істейміз.
– Туған елін кемел келешекке бастаған Елбасымыз, – деді аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, – мына Жолдауында аса маңызды мәселелерді көтеріп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Ендеше, барлығымыз да олардың орындалуы үшін еңбек етуге тиіспіз.Ауданның ардагерлері мен әжелері де мемлекет басшысының Жолдауына толық қолдау көрсетеді!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.