Жуырда Қарасай аудандық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның жұмысын жүргізген кеңес төрағасы Жанат Исағұлов күн тәртібімен таныстырғаннан кейін «Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілген мемлекеттік қызметтері туралы» осы бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбек хабарлама жасады.
Ол өздерінің 9 айдағы жұмыстары жөнінде баяндап, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Ауыз сумен қамтамасыз ету, электр қуатын беру, абаттандыру жұмысы және тағы басқа мәселелерді айтты. Кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Сейтқали Ыбытаев, Ұлтусын Бархинова, Сапар Жұмабаев, Несіпбала Әбділдаева, Нартай Бөдешов, Тұрғанбек Оразалиев және кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Келесі кезекте «Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бюджеттік бағдарламаларды орындауы және жолдарды жөндеуі мен жолаушылар тасымалы бойынша атқарылған жұмыстары, көрсетілген мемлекеттік қызметтер туралы» бөлім басшысы Жанат Шакиров есеп берді.
Жалпы 2025 жылға жол жөндеу жұмыстарына 2,7 млрд тг. қаражат бөлініп, аудандық жолдардың 77 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Соның ішінде күрделі жөндеу жұмыстарына келер болсақ, 1 жоба – 16 көше 7,8 шақырым. Жоба құны 1,1 млрд., нысан өтпелі, 2026 жылға, биылғы жылға қарастырылған қаражат 500 млн. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 60 % аяқталды.
Орташа жөндеу жұмыстары: 34 жоба – 72 көше, 67 шақырым. Оның ішінде 22 жоба – 58 көше 52 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталды. 5 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қалған 7 нысан қаражаттың тапшылығына байланысты келесі жылға өтпелі.
Маршруттық тәсіл және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша: Жалпы 4 жоба – 5,8 шақырым, 2 нысан аяқталды, 2-і жүргізілуде.
Жолдарды күтіп ұстау және жол қауіпсіздігі бойынша айтар болсақ, жалпы жыл басынан 11 мың 200 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары, 150 жол белгілері және 114 дана жасанда жол кедергілері орнатылды. Сонымен қатар аудандағы білім беру нысандарының маңайындағы жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылды. Жұмыстар ары қарай жалғасуда.
Қоғамдық көлік бойынша ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жол жүру құны электронды төлем кезінде 120 тг, қолма-қол төлем кезінде 200 тг. болып, Қарасай ауданы әкімдігінің 30 мамырдағы №6237-05 қаулысына сәйкес өзгертілді.
2025 жылы, тасымалдаушы «Алматы облысының жолаушыларды тасымалдау компаниясы» ЖШС тарапынан 23 жаңа автобус сатып алынып, №7 және №6 маршруттардың автобустары 11 данаға жаңартылды.
Жалпы жыл басынан бастап Қарасай ауданының әлеуметтік мәні бар маршруттарында 1 млн. 900 мың жолаушы тасымалданды.
Бұл мәселе бойынша кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Нартай Бөдешов, Несіпбала Әбділдаева, Сағат Мәсімақынов, Ұлтусын Бархинова, Әмина Абдраманова, Тұрғанбек Оразалиев, Сапар Жұмабаев, Берікбай Қадықов сөз алып, ауданда жол жөндеуде, оларды асфальттауда, тротуарлар салуда көптеген жұмыс атқарылып жатқанын атап өтіп, кейбір мәселелер жайындағы ұсыныс-тілектерін жеткізді. Әсіресе, көп сөз болған жай – адамдардың, балалардың қауіпсіздігіне қатысты жасанды жол кедергілерін жасауға байланысты болды. Бөлім басшысы осыған орай тиісті жауабын берді.
Мұнан кейін кеңес мүшелері «Ұмтыл және Жібек жолы ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары туралы» осы округтердің әкімдері Ислам Ибатжан мен Дидар Нұрақыновтың есептерін тыңдады.
Ұмтыл ауылдық округіне Жалпақсай, Алмалыбақ, Көлді, Мерей ауылдары мен 37 саяжай қарайды. Бүгінгі күнге халық саны 19 450 адамды құрайды. Округте 4 ірі өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, барлығы 395 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар – жұмыртқа өндіретін «Алсад» құс фабрикасы, алкоголь өнім өндіретін «Алмалыбақ» ауылшаруашылық өндірістік коперативті, түйіршіктелген және жапырақты шай ораумен айналысатын «Шай орталығы» ЖШС, бояу өнімдерін өндіретін «NANOTECH PAINTS» ЖШС.
Мерей ауылында «КПМ Пласт» ЖШС 1200 шаршы метрді құрайтын мұнай-газ саласына арналған полиэтилен құбырларын шығару цехын ашты. Инвестиция көлемі – 40 миллион теңге, 20 жаңа жұмыс орны бар. Алмалыбақ ауылында құрылыс материалдарын сататын 2 дүкен ашылып, 6 жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Инвестиция көлемі 50 миллион теңгені құрады.
8 айында түскен салық түсімдері 350 млн 518 мың теңгені құрады, яғни 67 пайыз орындалды. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес 118 адамға 14,4 млн. теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Округте 6 білім беретін мектеп бар, оның төртеуі – мемлекеттік, екеуі – жекеменшік. Сондай-ақ биыл Алмалыбақ ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1500 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Жібек жолы ауылдық округінің құрамына 5 елді мекен – Жібек жолы, Көлащы, Тұрар ауылдары және Жыңғылды мен Құрқұдық разъездері, сондай-ақ 10 саяжай кіреді. Округ тұрғындарының саны 44 809 адамды құрайды. Округте 1 ірі және 5 орта өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеп, 996 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2026 жылы «Алтын Таға» зауыты толық іске қосылып, 1200 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жоспар бойынша 19 ғимарат қарастырылған. Жобаның құны 19,0 млрд. теңгені құрайды. Тұрар ауылында жеке кәсіпкер «Коғабаев» өз қаражатына қағаз өнімдерін шығаратын цех құрылысын жүргізуде, салынатын инвестиция құны 350 млн теңге. Көлащы ауылында «БИЗНЕС АР» ЖШС кірпіш зауытынын құрылысын жүргізуде. Салынатын инвестиция құны 1 млрд. теңгені құрайды. Жібек жолы ауылында «NEO MILK» ЖШС сүт фермасының құрылысын аяқтады. Салынған инвестиция 3 млрд. теңге құрады.
Тағы бір айта кетерлігі, Тұрар ауылының су тапшылығы шешілді. Сондай-ақ, Жібек жолы, Көлащы ауылдарына ауыз су жүйелерінің қайта тарту мақсатында 2,7 га жер телімдері бөлінді, мемлекеттік актілері дайын. Қазіргі таңда Көлащы ауылы мемлекеттік сараптамадан өтті, Жібек жолы ауылы мемлекеттік сараптамадан өту барысында. Жыл сайын округтің абаттандыру және тазалық жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып тұрады.
2025 жылы Жібек жолы ауылының жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде орнатылған мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 2 жолаушы тік көтергіштерге (Лифт) техникалық қызмет көрсету 1,5 млн тенге бөлініп, «ЦРТ-Көмекші» ЖШС-мен тиісті жұмыстар атқарылды. Қураған және апатты жағдайдағы ағаштарды кесуге 3 789 000 млн. теңге бөлініп, «Jetysu mugedektigi bar azamattar birlestigi» корпоративтік қоры Тұрар ауылында кемінде 100ге жуық ұзындығы 4 метр ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына сай Жібек жолы ауылдық округі бойыша жеке кәсіпкерлер тарапынан 48 жобаның өтінімі жинақталып, бүгінгі күнге 20 жобаға 165 млн. 492 мың теңге несие берілді. (1 жобаға 2500 АЕК немесе 9 млн. 230 мың теңгеге дейін).
Көлащы ауылында бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) орталығының салынады. Оның жер телімі анықталған. Қазіргі уақытта 300 келушіге арналған нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптамасы да оң нәтижеде.
Жалпы екі округ әкімінің де есептеріне жақсы дайындалып келгені анық байқалды. Олар ө аумақтарындағы жағдайды жетік біледі екен. Бәрін де, ішінде проблемалары да бар, кеңінен және жан-жақты айтып берді. Кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Ұлтусын Бархинова, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова, Сейтқали Ыбытаев, Тұрғанбек Оразалиев және кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы сұрақтарын қоя отырып, жұмыстарына да ризашылық білдірді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, тиісті шешімдер қабылдады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
