Қарасай жері аумағында аудан орталығы – Қаскелеңнен басқа 40-тан астам елдімекен бар. Осы ауылдар мен қала арасында қоғамдық көліктердің тапшылығы бүгінгі күнге дейін өзекті мәселелердің біріне айналып келді. Тіпті, аудан әкімдігіне тұрғындар тарапынан қала маңына қатынайтын жолаушы тасымылдаушы маршруттардың жетіспеушілігіне байланысты көптеген арыз-шағымдар да келіп түскен. Көпшіліктің өтінішін ескере келе Қарасай ауданының әкімдігі, ҚР инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысы 2015 жылғы 26 наурызда бекіткен, «Жолаушылар мен багажды тасымалдау туралы» ережесіне сәйкес қоғамдық көліктің халықтың талабына сай жүруін қамтамасыз етуді мақсат етіп, ауданішілік, қалаішілік, ауыларалық тұрғындарды тасымалдау қызметін іске қосқалы отыр. Нақты айтар болсақ, жақын арада 9 бағыттағы қоғамдық көліктер өз жұмысын бастайды. Ол жайында толық ақпаратты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев түсіндіріп айтты.
– Арнайы ережеге сәйкес ұйымдастырылған конкурстың нәтижесінде «Қаскелең автопус паркі» ЖШС жеңімпаз атанып, алдағы уақытты аталмыш мекеме халыққа қызмет көрсететін болады. Іске қосылатын бағыттардың арасында нақты үш қоғамдық көлік Қаскелең қаласы ішінде жолаушы тасымалдаса, қалғаны басқа елді мекен арасында жүретін болады, – дейді бөлім басшысы.
Толымды ақпаратқа сүйенсек, тұрғындар енді №1, №2 және №2А бағыттары бойынша Қаскелең қаласы бойынша қатынай алады. Ал, қалған қоғамдық көліктердің бағыттары мынадай: №3 «Әйтей – Қаскелең», №4 «Жалпақсай – Алмалыбақ – Қаскелең», №5 «Жандосов – Қаскелең», №6 «Тұрар – Алтын Орда», №7 «Батан – Алтын Орда», №8 «Көлащы – Алтын Орда», №9 «Исаев – Қаскелең».
Дидар МУХАМАДИЕВ.