Таңмен таласа оянатын жауапты мамандық иелерінің қатарында жол-патрульдік полиция қызметкерлері де бар. Кәсіби мерекелерінің қарсаңында олардың тынымсыз тіршілікке айналған бір күндік жұмысын оқырман назарына ұсынсақ артық етпес.
Расымен де, олар әрбірі уақыттың сырғуына қарамай, күн-түн демей, елдің тыныштығын ойлайтын әрі сақтыққа сақадай сай жүретін маңызды міндетті арқалап жүрген, қырағы, мықты қызметкерлер.
Осыдан бір апта бұрын біз айтып отырған аудандық Полиция басқармасының жол-патрульдік қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысқан болатынбыз. Әдеттегідей, таңғы 8-ден олар аудан ішіндегі жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігіне жауапты міндеттеріне кірісті. Жол сақшылары Қаскелең қаласы бойынша алдымен Абылайхан көшесінде қоғамдық көліктер жиі тұрақтайтын орынға барды. Мұнда инспекторлар жол ережесін бұзған бірқатар көлік иелеріне ескерту жасап, тиісті айыппұлдарын да жазып берді.
Полиция қызметкерлерінің жауапты жұмысы қаламыздағы Төле би мен Абай көшелерінің қиылысында да қарқынды жүргізілді. Неге десеңіздер, дәл осы көшелердің бойында жаңадан жол белгілері орнатылған еді. Мұны байқамаған талай тәжірибелі жол жүргізушілер қанша ақталып, түсіндіргенімен, заң бәріне ортақ екенін түсініп, лайықты айыппұлға келісті.
Жалпы, жол сақшыларының дәл осындай міндетті істері аудан бойынша жалғасып жатты. Барлығы да, әрине, жол-көлік оқиғаларын алдын алып, қауіпсіздікті қадағалау бағытында екені айтпаса да түсінікті шығар.
Жауапты мамандықты арқалаған азаматтар қызметтерінен бөлек, адамгершілік қасиетті де еш ұмытқан емес. Дәл осы күні инспекторлардың бірі «Жақсылық» құрылыс базары маңайындағы жаяу жүргінші жолағынан өте алмай тұрған бір топ балаларды жолдың арғы бетіне өткізіп жіберді. Ал, енді бір полиция қызметкері Райымбек көшесінің бас жағында орналасқан бағдаршамның электр тоғынан ажырауына байланысты істемей тұрғанын ескеріп, көліктердің арлы-берлі қозғалуын қадағалады.
Бір күндік жұмыс барысын таныстырған қарасайлық жол-патрульдік қызметкерлері, міне, осындай. Сақтыққа сақадай сай жүретін, елдің тыныштығын қызғыштай қорғайтын азаматтарымыздың қызметтеріне жетістік тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.