Бүгінгі таңда қоғамды толғандыратын өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – қаржылық сауатсыздық болып отыр. Өйткені кейінгі жылдары елімізде бірнеше банктерден несие алып, оны қайтара алмай қарызға белшесінен батып жүрген адамдар саны көбейіп келеді. Тіпті кейде алған несиесінің қарызын екінші бір несие алып, жауып жататындар да аз емес. Осы мәселені шешу үшін 2023 жылдың сәуір айында «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» атта ауқымды жобаны іске қосқан болатын. Ол борышкерлер санының көбеюіне жол бермеуге, несиесі көп тұрғындарға көмектесуге және келешекте қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталды.
Алғашында пилоттық жоба ретінде еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылған бастама кейіннен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қолдау тауып, биылғы жылы барлық аймақтарда жүргізіле бастады.
Жоба бүгінде Қарасай ауданы тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосуда. Ағымдағы жылы аудан бойынша барлық округтерде оның аясында «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының және Қарасай аудандық әкімшілігінің ұйымдастыруымен арнайы оқытулар өтіп, оған әртүрлі санатқа жататын азаматтар қатысты. Олардың қатарында көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардың мүшелері, жастар мен мойнында несие бар тұрғындар болды.
Кездесулер барысында «Ұлы дала» ассоциациясының қаржы эксперттері, «Қарызсыз қоғам» мемлекеттік бағдарламасының Алматы облысы бойынша қаржы сарапшылары Сәтжан Иманғалиев пен Гульшат Нематулла қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша дәрістер оқып, банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңестерін берді. Сондай-ақ қатысушыларға өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйретті.
Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алды.
Жалпы «Ауыл халқының қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша» және «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ағымдағы жылы Қарасай ауданында 1500 адамды оқыту жоспарланған еді. Алайда аудандық партия филиалының мәлімдеуінше, қазіргі таңда 31 топ, яғни 1676 адам оқудан өтіп, сертификаттарын алған.
Негізінен, бұл жобаға жасы 18-ден асқан, несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған Барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Ол үшін «AMANAT» партиясының филиалдарына немесе қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жүгіну қажет.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.