Өткен аптада ауданымызға қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов халықпен кездесу кестесіне сәйкес ауыл тұрғындарымен жүздесіп, өтініштерін тыңдады. Жиынға Жыңғылды мен Құрқұдық разъездері, Көлащы, Тұрар және Жібек жолы ауылдарының тұрғындары қатысып, елді мекендерге қатысты мәселелер легін көтерді.
Кездесуде аудан әкімі алдымен округте атқарылған жұмыстар бойынша баяндама оқып, кейін халықтың өтініш-тілектерін тыңдады. Жасұлан Тоққожаұлына қойылған сұрақтардың басым көпшілігі ауыз су, жол, аурухана салу мәселелері болды. Мысалы, Жібек жолы ауылының тұрғыны Сәуле Ахатованың сөзіне сүйенсек, ауылда таңғы сағат 08:00-де су беріліп, кешкі 20:00-де өшіріледі. «Ал ауыл тұрғындарының басым бөлігі жол бекетінде жұмыс істегендіктен таңертең 6-да жұмысқа кетіп, кешкі 9-да жұмыстан оралады. Олар жұмысқа кеткен кезде де, келген кезде де үйлерінде су жоқ. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны. Сондай-ақ Тұрар ауылынан келген Алпысбай есімді азаматтың да қозғаған мәселесі су болды. Аудан әкімі әрбірінің сұрақтарына жеке жауап беріп, осы мәселелерді шешу бойынша ойын жеткізді.
Аудан әкімінің айтуынша, ең бірінші кезекте ауыз су мәселесін шешу мақсатында арнайы жоба дайындалып жатыр. Ол жүзеге асқаннан кейін барып, жол мәселесі де реттелмек.
Нақтылай кетсек, ауыз су тапшылығын шешу мақсатында Жібек жолы және Көлащы ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Аталған жұмыстарға Жібек жолы ауылында 1,5 га және Көлащы ауылында 1,2 га жер телімдерінің мемлекеттік актілері әзірленіп, геологиялық жұмыстары жүргізілуде. Ал Тұрар ауылындағы ауыз су мәселесін шешу екінші жарты жылдыққа жоспарланып отыр.
Сонымен қатар медициналық көмек көрсететін нысандардың тапшылығына байланысты Көлащы ауылында 300 келушіге арналған бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда «ID Senim» компаниясы мемлекеттік жекеменшік серіктестік (МЖС) шеңберінде Көлащы ауылында 300 келушіге арналған алғашқы медициналық санитарлық көмек ғимаратын салмақшы. Одан бөлек аудан әкімінің айтуынша, Тұрар ауылына күніне 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу жоспарда бар.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының бұдан да бөлек түнгі жарық, жол мәселесі және қаңғыбас иттер мен қоқыс қалдықтары секілді шағымдары тыңдалды. Аудан әкімі барлық мәселелерді мұқият тыңдап, тиянақты жауап қайтарды.
«Қаңғыбас иттер мен шашылған қоқыс мәселесіне ең бірінші тұрғындар өздері жауапты. Әр адам өз отбасында мәдениеттілікті қалыптастырса, мұндай келеңсіздіктер орын алмайтын еді. Десе де қаңғыбас иттер мен шашылған қоқыс мәселесіне жауапты бөлімдер шамалары келгенше жұмысын атқаруда», – деді аудан әкімі Жасұлан Естенов.
Шұғыла ТЫНЫС.