Қарасай ауданы әкімінің осы жылдағы ІІ жартыжылдық бойынша халық алдында есеп беруі басталды. Аптаның екінші күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек қарасайлық тұрғындар алдындағы алғашқы кездесуін Жібек жолы ауылдық округінен бастады. Аталған жиын Тұрар ауылындағы Ә.Байсалбаев атындағы мектептің акт залында өтті.
Кездесу барысында алдымен Бексұлтан Ақылбекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама оқып, оның ішінде Жібек жолы ауылдық округі жайлы және атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Округ құрамына Жібек жолы, Көлащы, Тұрар ауылдары мен Жыңғылды, Құрқұдық разъездері, сондай-ақ 10 саяжай кіреді. Аталған елді мекендердің халық санын есептегенде бүгінге таңда округте 48 мыңға жуық адам тұрады.
Аудан экономикасын арттырып отырған саланың бірі – өнеркәсіп өндірісі. Қарасай жерінде жеті жүйе құраушы кәсіпорын болса, соның бірі осы Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан. Ол – «Asia Agro Food» АҚ. Аталған компания ұн өңдеумен айналысады, мұнда 500 адам еңбек етеді. Сонымен қатар округ аумағында бір ірі және үш орта өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, 883 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Атап айтсақ, 200 адамды жұмыс істейтін темірбетон бұйымдарын өндіретін «Алтын таға» ЖШС, 105 адам қызмет ететін, макси чай этикеткаларын шығаратын «Chemolgan Food Station» компаниясы, 18 адам еңбек ететін, шпагат жіптерді жасайтын «КазПолиснаб» компаниясы және 60 адамға жұмыс беріп отырған, алкоголь өнімдерін шығаратын «Food Distribution Company» компаниясы.
Осы аталған өндіріс ортаның қатары биыл тағы біреумен толықты. Жібек жолы ауылында «Neo Milk» компаниясы құрғақ ешкі, бие және түйе сүтін өндіретін зауыттың құрылысын аяқтап, 50 жаңа жұмыс орнын ашты. Ал алдағы уақытта «Casрian Beverage Holding» деп аталатын алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыт салынбақ. Қазіргі уақытта оның дайындық жұмыстары қолға алынуда. Бұл жобаға 15,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 200 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Осы және басқа да округтегі нәтижелі жұмыстар жергілікті халыққа баяндалып, жоспарлы істердің барысы айтылды. Одан кейін жиында тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтар талқыланды. Атап айтқанда, денсаулық саласы, электр жүйесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, көшелерді жөндеу бойынша өзекті мәселелер сөз болды. Бас-аяғы 20-дан астам сауал талқыға салынды. Оның әрбіріне аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек жеке-жеке тоқталып, бюджеттің әлеуетіне сай жұмыстар кезең-кезеңімен атқыралатынын сөз етті.
Ауылдастарының біразы электр жүйесіне наразылықтарын білдіріп, оның тұрақсыз екенін айтты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбекұлы бұл мәселенің шешімі бар екенін түсіндірді. Айтуынша, бүгінгі таңда аудан көлемінде 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, 4,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім дайындалған. Соның ішінде аталған округке қарасты Жібек жолы, Көлащы және Тұрар ауылдары бар. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда алдағы уақытта бұл елді мекендердің электр жүйесі реттеледі.
Ал Көлащы ауылының бір тұрғыны ауыз су жөнінде мәселе көтеріп, өздері қазған жер астындағы судың сапасыздығын сөз етті. Сол үшін ауылға толық су жүйесі керек екенін жеткізді. Бұл сауалға округ әкімі Дидар Нұрақынов өзі жауап берді. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта Көлащы ауылын ауыз сумен қамту мақсатында құдықтар мен су жинау құрылыстарын орналастыру үшін жалпы ауданы 1,2 гектар жер теліміне мемлекеттік акт рәсімделген. Осы жылдың сәуір айында аталған учаскені зерттеу үшін геологиялық жұмыстар жүргізіліпті. Бүгінгі таңда жобаның сметалық есептеу кезеңі аяқталып, алдын ала құны 1,659 млрд теңге екені белгілі болған. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде және оның нәтижесі ағымдағы жылдың соңына дейін шығады деп жоспарлануда. Одан кейін қаржыландыру көлеміне байланысты бюджеттік өтінім беріледі.
Сондай-ақ бұл кездесуде Жібек жолындағы Ә.Молдағұлова мен Көлащыдағы Ж.Жабаев көшелеріне қатысты мәселе де көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, екі елді мекендегі көшелер әлі жөндеу көрмеген. Жолдың сапасыздағы көліктер мен халыққа қолайсыздық тудыруда. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбекұлы сөзіне сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бұл екі көшеге келесі жылы асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда. Осы мақсатта 2026 жылға Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті сұраныстар жолданыпты. Қазіргі уақытта аталған бөлім жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Желтоқсан айында жоба толық аяқталғаннан кейін ғана нақты қаржыландыру көлемі айқындалып, соған сәйкес бюджеттік өтінім беріледі. Қаражат бөлінген жағдайда, жөндеу жұмыстары тиісті тәртіппен жүргізіледі.
Жергілікті халық, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, округке қажетті Мәдениет үйі мен медициналық мекеменің жоқтығын алға тартты. Оған қатысты Бексұлтан Ақылбек жеке тоқталып, бұл өзекті мәселенің шешімі қарастырылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, жоспарға сай келешекте 300 келушіге арналған Көлащы ауылында медико-санитарлық көмек көрсету орталығы салынады. Қазіргі уақытта бұл нысанның ЖСҚ-ы әзірленуде. Ал Жібек жолы ауылында 200 көрермен сиятын Мәдениет үйі болады. Құрылысы осы жылы басталған, келесі жылдың көктемінде аяқтау жоспарда тұр.
Есептік кездесуде жоғарыда аталғандардан басқа да түрлі мәселе айтылды. Бексұлтан Ақылбекұлы оның әрбірін назарда ұстайтынын және ескерілетінін айтты.
Ал кейін жиын соңында кездесуге арнайы қатысқан аудан прокуроры Айдос Шорманов өзін таныстырып, округ халқымен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Аудан прокуратурасының есігі ашық, кезекші прокурорлар халықтың өтініштерін назардан ұстайтынын түсіндірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
