Таяуда Жібек жолы ауылдық округінде әкім лауазымына сайлау өткен еді. Ондағы ауыл тұрғындарының дауыс беру қорытындысы бойынша Жібек жолы ауылдық округіне Дидар Нұрақынов халық сеніміне ие болды. Ол бұған дейін аталмыш ауылдық округтің әкім орынбасары қызметін атқарып келді.
Анығырақ айтқанда, «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 36-бабының 4-тармағына сәйкес Нұрақынов Дидар Құрманжанұлы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі лауазымына 2024 жылдың 3 маусымынан бастап аудан әкімінің №31 өкімімен тағайындалды. Осыған орай аптаның алғашқы күні округ әкімдігінің ғимаратына аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров арнайы келіп, жергілікті тұрғындарға және әкімдіктің ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Алдағы қызметіне сәттілік тілеп, ел сенімінен шығып, жауапты лауазымда абыройлы қызмет етуді тапсырды.
Ал ауылдың ақсақалдары мен апалары тағайындалған жас әкімге ыстық ықыластарын білдіре келе, оның осы жердің ауасын халқымен бірге жұтып, топырағын бірге басып жүргендіктен округте туындаған мәселелерді шешуде аянбай еңбектенетіндігіне сенім білдірді. Қазақтың дәстүріне сай әжелер шашу шашып, басына тақия кигізді.
Айта кетейік, Нұрақынов Дидар Құрманжанұлы 1992 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2013 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2010 жылы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастап, кейіннен 2014-2017 жылдары аралығында Жаңашамалған ауылдық округі әкімі аппаратының дене шынықтыру және спорт бойынша нұсқаушысы болған. 2017-2018 жылдары Үшқоңыр ауылдық округінің дене шынықтыру және спорт әдіскері ретінде, 2018 жылдың наурыз және маусым айлары аралығында Шамалған ауылдық округінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2018 жылдың маусым айынан 2019 жылдың қараша айларында Жаңашамалған ауылдық округінің спорт жөніндегі әдіскері, 2019-2022 жылдары ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы болып еңбек еткен.
Ал 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары ретінде қызмет етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.