Еліміз бойынша Алматы облысының жастары Волонтер жылын алғашқылардың бірі болып атап өтіп, ерікті белсенділер тағы бір бастамаға қадам басты.
Осы аптаның алғашқы күні Талдықорған қаласында Волонтер жылына орай ерікті жастардың алғашқы форумы ұйымдастырылған болатын. Салтанатты шараның аясында алдымен Жастарға қызмет көрсету орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева ерікті жастармен кездесіп, олардың ерекше идеяға толы жобаларымен танысты. Олардың қатарында біздің аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан ұсынылған «Қолөнер оқыту курсы» атты жоба бар екенін де ерекше айтуға болады. Аталған жұмысты орталықтың жетекшісі Айжан Балажанова жан-жақты таныстырып, оның мақсаты мен өзектілігіне ерекше тоқталды.
Өз кезегінде жиынды жүргізіп отырған Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас еріктілік қасиеттің қандай болу керектігін айтып, уақытты бос өткізбеуге шақырды. Басқосу барысында жоғарыда айтып кеткендей, облысымыздың 17 ауданы мен үш қаласынан келген жастардың тың жаңалыққа толы жобалары назарға ұсынылды. Ал, Зағипа Яхияқызы барлық жұмыстарға ерекше мән бере тыңдап, олардың қай-қайсы болмасын Жетісу өңірінде ғана іске аспай, республика көлемінде де жүзеге асырылуы керектігін жеткізді.
Осындай жылы жүздесуден кейін Жастар спорт сарайында «Біз біргеміз!» атты Волонтер жылының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Облыс басшысы Амандық Баталов арнайы қатысқан қуанышты басқосуда Серік Есматов, Жандарбек Бұлғақов, Мақпал Мыса сынды есімдері елге белгілі дарынды, жастар қатысып, жігерлі ойларын жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Омархан Өксікбаев, Ерсұлтан Бектұрғанов, Марат Бопазовтар сөз алып, елдің ертеңі – жастар және оларға артылар сенім де жоғары екенін айрықша атап өтті. Ал, елімізге танымал әнші Сәкен Майғазиев еріктілердің ерлігі бұрыннан қалыптасып қалған дәстүр екенін айта келе, жетімін жылатпаған бекзат жұрттың есігінен аттаған бұл жыл тек жақсылыққа бастасын, деген тілегін білдірді.
Салтанатты шараның соңы Мадина Садуақасова, Қуандық Рахым, «Renzo» тобы сияқты экстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.