Ел болашағы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігімен, талаптарына сай талпыныстарымен, жаңа бастамаларға жетелейтін ұдайы ұмтылыстарымен байланысты десек артық айтқандық емес. Сондықтан жас ұрпақ қашанда қоғамның қозғаушы күші болып табылатыны анық. Жоғарыда атап өткен қасиеттерді бойына сіңірген Жетісу жастары жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихы терең Таразым» атты республикалық квест ойынына қатысып, зияткерлік қабілеттерінің арқасында мықтылардың қатарынан көрінді.
24-26 маусым күндері Тараз қаласында өткен аталмыш іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған квест ойынының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың интеллектуалдық деңгейін артыру, өлкенің тарихын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жастар арасында мәдениеттілікті қалыптастыру. Көпшілікке түсінікті болу үшін «квест ойыны» деген ұғымға тоқтала кетсек. Сайыстың түрі болып саналатын мұнда тапқырлық пен шапшаңдық және қатысушылардың зеректігі анық байқалады.
Ой жүйріктігі мен білімдері сыналатын бұл жарысқа республика бойынша әр облыс пен қаланың атынан 5 команда қатысты. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы, Ақтөбе, Атырау, Түркістан облыстарының жастары сынға түсті. Жетісу жерінің атынан бұл додаға «Namys» атты команда қатысып, лайықты деңгейде біліктіліктерін таныта білді. Топтың құрамында облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Бағдат Науканов, сондай-ақ, осы орталықтың бөлім басшысы Меруерт Қапышева, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Ерасыл Толымбекұлы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Мейіржан Төлегенов, «Спорттың ойындық түрлері МБЖСМ» директорының орынбасары Нұрым Сарсебек және Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова болды.
Үш күнге созылған ойын барысында жастар алдымен Тараз қаласының тарихи жерлерін аралап, қызықты деректерді жинақтады. Кейін логикалық жұмбақтар мен есептерді шешіп, қаланың белгілі жерлеріне қатысты арнайы тапсырмаларды орындады.
Жарыстың нәтижесі бойынша бас жүлдеге Атырау облысы ие болса, жүлделі І орынды түркістандықтар алды. Ал, Жетісудың намысты жастары ІІ орынға лайық деп танылды. ІІІ орынның жүлдесі Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе облысынан келген командаларға бұйырды.
Республика көлемінде Алматы облысының намысын қорғаған Жетісу жастарын жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында бұл да облыстың абыройын арттырған жетістіктердің бірі деп білеміз.
Д. МУХАМАДИЕВ.