Мемлекеттік органдар басшыларының ашықтығы мен қолжетімділігі – азаматтардың сенімділігінің кепілі. Және бұл қағиданы барлығы ұстануға тиіс. Осыған байланысты, жобаның жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алаңында тұрақты негізде азаматтарды қабылдайды. Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде облыс тұрғындарымен кезекті кездесу өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауда кітаптар шығару, мүгедектерге арналған инклюзивтік телевидениені іске қосу, қазақ эпосының кейіпкерлері Алпамыс батыр, Қорқыт ата, Ертарғын туралы анимациялық жобаларды іске қосу туралы сөз етілді. Оған қоса тарихи қайраткерлерге ескерткіш орнату жөнінде айтылды. Ал, тұрғындар тарапынан жоғарғы оқу орындарына түсуге қатысты әкім гранттары және қуыршақ театрын ашу мәселелері қозғалды. Әрбір көтерілген мәселе бойынша тиісті шаралар атқарылуы жоспарланды.
Алдағы уақытта кесте бойынша облыстық басқармаларының басшылары мен қала және ауылдық округ әкімдері облыс тұрғындарына қабылдау жүргізеді.