Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласымен мен де зейін қойып, танысып шықтым.
Осы орайда, алдымен атап айтарым, Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыздың ұлы ақынының, ойшылының қайталанбас тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетіп, оның шығармашылық күш-қуатының айрықша молдығына, санаға түсірер сәулесінің әлі күнге дейін жарқырап тұрғанына, әсіресе, адами тәлім-тәрбие берудегі сенімінің бекемдігіне ерекше назар аудартады. Өзінің Абайды тану арқылы өмір және еңбек жолында көп жетістікке жеткенін кеңінен баяндайды. Кемеңгер Абайдың сөздерінің құлағына алғаш рет бесік тербеген анасының әлдиімен енгенін де жеткізеді.
«Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деп жазады Елбасы.
Осылайша Абай жолының, Абай мектебінің, Абай туындыларының мәңгілігін, Абай арманының бәрімізге де ортақтығын анық айқындап берген.
Өз халқын барынша сүйген данышпан ақын кейбірінің керітартпа мінез-құлқын, әдет-ғұрпын өткір сынай отырып, олардың білімді, еңбекқор, талапшыл, мақсатшыл болуын бар жан-тәнімен қалағанын да атап айтады Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақ елінің Тұңғыш Президенті өзінің аталған әрбір саналы адамға үлкен ой салар аса маңызды мақаласын: «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тіршілігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін» деп аяқтапты. Өте дұрыс айтылған!
Серік ҚАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.