Өткен аптада Қаскелең қаласындағы SDU университетінің жиынжайында «Ономастика саласы бойынша ізденіс пен тәжірибе» атты семинар болып өтті. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған алқалы басқосуға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Елерке Төрехан, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген қатысты. Семинарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымды, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен құрамдас бөліктерді қайта атау бойынша 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы мен өзектендірілген «Тарихи тұлғалар» тізімін насихаттау, оны өңірлік ономастика мәселесі ретінде жұмыс барысында басшылыққа алуды осы жұмысқа жауапты жергілікті мамандарға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған семинарға аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен бөлімдегі ономастикаға жауапты мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
– Жер, су атаулары – біздің тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде егемен ел болып, қабырғамыз қатайған кезде сол жоғымызды іздей бастадық.
Дәлірек айтқанда, ел болып ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік. Біздің облыста да елді мекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақыландыруда бірсыпыра жұмыс атқарылып жатыр, – деп бастады Данияр Дүйсебіұлы өз сөзін. – Қазір атау беруде кісі есімдеріне шектеу қойылғандықтан, жұмыс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің әзірлеуімен «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу өзекті болып отыр. Сондай-ақ тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыруға жіті көңіл бөлу қажет.
Осыдан кейін семинарға қатысушылардың назарына Алматы облысының елді мекендері мен көшелері жайлы мағлұмат беретін бейнебаян ұсынылған. Мұнда өлкеміздегі 60 әкімшілік аумақтың, 3103 құрамдас бөліктің, 225 елді мекендердің, 8 Мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталатыны айтылды. Қазіргі таңда тізімде көрсетілген 555 тұлғаның 352-сінің есімі ұлықталып отыр. Сондай-ақ, облыс көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 2011-і кісі есімімен, 1712-сі жер-су атауымен, 1616-сы дәстүрлі атаумен аталады. 2023 жыл Алматы облысы бойынша идеологиялық тұрғыда ескірген 425 көшенің, 7 ауылдық округ пен 9 елді мекендердің атауын өзгерту жоспарға енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өлкемізде Іле ауданының аумағында жаңадан құрылатын қаланың атын «Алатау» деп атау жайлы ұсыныс оң шешімін тапты. Бұл бастамаға республикалық ономастика комисиясының отрысында оң қорытынды берілді. «Алатау» атауы елімізде аудан, көше атаулары ретінде жиі кездесіп тұратыны болса да, өзінің географиялық мағынасына сай, Алатау етегіндегі барлық елді мекендерді қамтитын ортақ атау болғандықтан осы атау мақұлданды.
Жаңа қаланың жалпы аумағы 88 мың гектар, халқының саны 52762 адамды құрап отыр.
2024 жылдың 9 қаңтарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Кеген ауданының Шелек ауылындағы өнер мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының тумасы Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Алматы облысының төл тумасы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбавтың 100 жылдық мерейтойы елімізде және халықаралық деңгейде аталып өтілмекші. Осыған орай Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласында саябақтар мен көшелерге, облыс орталығындағы әмбебап кітапханаға, мектептерге Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылындағы жаңадан ашылған спорт ешенін Жақсылық Үшкемпіровтың атымен атау жөнінде құжаттар дайындалуда.
Жалпы, Алматы облысы еліміздегі ірі аймақтардың бірі болып саналады. Сондықтан мұнда кеңес кезеңінен қалған атауларды қазақшалау мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Солардың арасында Іле ауданына қарасты Энергетический ауылдық округін Өтеген батыр ауылдық округіне, КазЦИК ауылдық округін Асқар Тоқпановтың, Покровка ауылына Кенен Әзірбавтың есімін беру, Чапаев ауылдық округіне Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы, Междуреченск ауылдық округіне Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы, ал Комсомол ауылын Жайнақ ауылы деп өзгерту жайлы шешім қабылданған.
(Жалғасы 2-бетте)
Сондай-ақ, Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің Қызыл Ту-4 ауылдық округін Жібек жолы ауылдық округі деп өзгерту мәселесі шешімін тапты. Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылдық округін Жалағаш ауылдық округі, Жалағаш ауылы деп атау жоспарлануда. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар оқу орындарына Шоқан Уалиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Бауыржан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұханбетұлы, Мәншүк Мәметова, Барлыбек Сырттанов, Жақсылық Үшкемпірұлы сынды ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың есімдерін беру жайлы ұсыныстар түскен. ҚР үкіметінің Қаулысымен бір кітапхана мен бірқатар білім беру ұйымына әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімін, Ұйғыр ауданындағы Кетпен асуына қоғам қайраткер Асанбай Асқаровтың атын беру туралы мәселе қаралуда.
Облыс орталығы Қонаев қаласына 2 ауылдық округі мен 13 елді мекен кіреді. Мұнда барлығы 446 көше бар. Осының ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген, өзгертуді қажет ететін 200 көше, бір ауылдық округ орналасқан. Алдағы уақытта осы бағытта көптеген жұмыстар күтіп тұр.
Осыдан кейін сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Елерке Төрехан Мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі – елді мекендер мен көшелердің атауларын ретке келтіру – тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса өзекті мәселелердің бірі екенін айта келіп, мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрініс табатынын ескертті.
– Асылында, бұрынғылар «Жер тарихы – ел тарихы» деп жер-су атауларына ерекше мән бергені бекер емес. Елдің елдігін танытатын, болашағын айқындайтын, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елді мекен атауларында жатыр. Олай болса «Ономастика саласы бойынша ізденіс пен тәжірибе» атты семинарына қош келдіңіздер, – деді Е.Төрехан.
Елерке Әдепханқызы өз сөзінде қазір атау беруде кісі есімдеріне шектеу қойылғандықтан, жұмыс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің әзірлеуімен «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу керектігі айта келіп, бұл саладағы түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Сондай-ақ тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыруға жіті көңіл бөлу қажеттігі ескертілді.
Семинар барысында тиісінше Талғар, Қарасай, Іле, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Балқаш ауданы мен Қонав қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары мен міндетін атқарушылар – Фарида Бегенбаева, Ләззат Болатқызы, Бақытжан Рақымжан, Құман Қуанышұлы, Қанат Бектенов, Құндыз Сабырбайқызы, Әсем Қыдырбаева Нұрбүби Әшекеева, Гүлзат Сәлімжанова, Бибігүл Шайкенова жарыссөзге шығып, өздерінде атқарылған жұмыстар мен болашақта жасалатын шаруалар жайында баяндап өтті. Олардың сөзінен өлкеміздегі елді мекендер мен көше аттарын ұлттық рухқа сәуле құяр атауларға өзгерту барысында біршама жұмыстар атқарылғанына куә болғандай едік. Айқай-шусыз, ұрандатпай-ақ осындай берекелі шаруаны атқарып жүрген жандардың еңбегіне сүйсіне қарағанымыз да рас.
Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Құрмашқызы өз сөзінде елді мекендердің атауларын анықтауда ғылымның атқарар қызметі мен жекелеген атауларды жазу емлесі жайында көпті толғантып жүрген жайлар турасында ой бөлісті.
Ономастика саласындағы саясаттың кез келген әлеуметтік қауымды тәрбиелеудегі арқалар жүгі мейлінше салмақты. Ол, әсіресе, жастардың бойына ұлттық рухты дарыту үшін ауадай қажет. Ономастикалық атаулар – халықтың, ұлттың рухани жады. Ол атаулардың мәнінде тағылымды тарихымыз жатуы тиіс. Сондықтан бұл семинар өз тарихынан, ономастика саласындағы ұлт мүддесіне орай жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бұдан әрі дамуына және ерекше ұлттық жігермен дамуына өзіндік қозғау салар деген сенімдеміз.