Биылғы қуаңшылықтың салдарынан Жамбыл ауданының шаруалары мал азығын дайындауда қиындыққа тап болды. Шөптің шығымдылығы өте төмен болғандықтан, қажетті жем-шөптің біразы сырттан алынып, қымбатшылыққа ұрынған жайы бар. Солардың бірі, Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс ауылындағы «Мұрынбай» шаруа қожалығының иесі Серік Нұрымбаев былай дейді:
«Қарамағымызда 3200 бас аналық қойдан көктемде 3000 бас қозы ілесті. 100 бас аналық сиыр және 120 бас бие, 20 түйе бар. Шаруашылық иелігіндегі 350 гектар шабындық жер мен 120 гектар егістік алқаптан алынған өнім биыл көңіл көншітпей тұр. Жауын жоқ, шөп күйіп кетті. Былтыр 350 гектар шабыстан 18 мың түк шөп алған едік, биыл мұның үштен бірі ғана жиналды, 6 мыңнан аспады. 20 тонна сепкен дәнді дақыл сол күйі қайта жиналды. Алдағы қысқы мал азығын осы күні Шымкент, Қызылорда жақтан келіп жатқан шөптерден сатып алудамыз. Базарда бір түк шөптің бағасы – 1500-1800 теңгеден сатылуда. Бұл шаруалар үшін оңғайға соқпай тұр», – дейді төрт түлікті түгел өсіріп отырған шаруа қожалығының иесі Серік Жолдасұлы.
Дегенмен, төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына ерте көктемнен көңіл бөліп, қолда бар жарамды шабындығын күтіп-баптағанның арқасында біраз жұмыс еңсерілген. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Қайрат Тойшыбековтен алған мәліметтерге сүйене отырып, салыстыратын болсақ, өткен жылы аудан бойынша барлығы 435,2 мың тонна шөп жиналған болса, биыл бұл көрсеткішті 510,2 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Өйткені мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді, сәйкесінше қажеттілік те өсуде. Бүгінде сол меженің 460 мың тоннасы дайындалып, қысқа қажетті мал азығының 90 пайызы қамдалыпты.
«Сондай-ақ биыл 46400 тонна пішендеме жинау көзделсе, соның 30 мың тоннасы жиналып, жоспардың 65 пайызы орындалды. Сабан жинауда да көшілгеріміз. 52600 тоннаның 35 мыңы жиналып, 67 пайызы орындалды. Бұған қоса, жем дайындауда 78,2 тоннаның 50 мың тоннасы дайын болды. Сүрлем жинау енді басталады. Ал жоңышқа суармалы егістікте өндіріледі. Бүгінге бірінші, екінші шабындықтан өндірілгені – 63 мың 75 тонна. Бұл жалпы қысқа жиналуы тиіс жем-шөптің көрсеткіші. Биылғы ауа-райының қолайсыздығына байланысты жоғарыда аталған 510, 2 мың тоннаның 281376 тоннасын сырттан, Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары мен көршілес облыстардан келген шөптерден сатып алып, толықтырамыз. Біздің ауданнан нақты 228 мың 856 тонна орындалады. Ал күзгі дала жұмыстарына қатысқан техникалардың саны – 1134, яғни 96 пайыз дайындықпен жұмысқа қосылды. Оның ішінде 831 әртүрлі тракторлар, 80 комбайн бар. Соқалар саны – 135 және 77 бірлік тырма қатысуда», – дейді егін шаруашылығы саласына жауапты маман.
Расында биылғы ауа райының қолайсыздығы мал иелері мен диқандарға қиынға соққаны анық. Қыстан қысылмай шығуға қажетті мал азығының біразын сырттан сатып алғандықтан, олар шығындарын субсидиялауға мемлекеттен демеуқаржы төленуіне үміт артып отыр.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суреттерді түсірген: автор.
Жамбыл ауданы.