Сыбайлас жемқорлық – қай саланың болсын өсіп-өркендеуіне тосқауыл болатын бөгеттердің бірі. Қоғам арасында қауіпті кеселге айналған бұл зиянды үрдісті жою үшін өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, адалдық, ізеттілік, имандылық сияқты жақсы қасиеттерді бойларына сіңіре білуіміз керек. Жастарға осындай жолды үйретуді мақсат етіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қарасай ауданының Мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығы жақында әдеби байқау ұйымдастырған болатын.
«Жемқорлықты жеңу жолдары» деп аталған бұл сайысқа қызығушылық танытқандар алдымен іріктеуден өтті.
Жарыста 14-29 жастағы оқушылар мен колледж студенттері бақ сынап, түрлі жанрдағы шығармаларын сарапқа салды. 38 жазба жұмыстың ішінен 11-і негізгі байқауға іріктеліп алынды. Ал, олардың авторлары өздерінің жұмыстарын өткен аптада Іргелі ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында қорғап, сыбайлас жемқорлықтан қалай арылуға болатын орамды ойларын ортаға тастады.
Санитарлық талапқа сай өткен әдеби байқауға мемлекеттік тілдің жанашырлары мен білікті мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қатысушылардың әрбірі өздерінің жазбаларын оқып, тақырыптың өзектілігіне сай қорғай білді. Бірі өздерінің өлеңдерін оқыса, енді бірі әңгіме ретінде жемқорлықты жеңу жолдарын түрлі мысалдармен жеткізді.
Жастардың барлық жұмыстары сарапқа салынды, қазылардың лайықты бағасын алды. Нәтижесінде бас жүлде Үштерек мектебінің 9 сынып оқушысы Әсем Қойбақоваға бұйырды. Жас қатысушы өзінің сөйлеу шеберлігімен көзге түсіп, тақырыпты барынша аша білді. Бұл байқауда «Нұржәрдем» медициналық колледжінің студенттері де дара көрінді. Нақты айтқанда, Ақмарал Дауытова І орын алса, Айсұлу Шабаева ІІ орынның иесі атанды. Ал, үздік үштікке екі қатысушы лайық деп танылып, Л.Толстой атындағы орта мектептің оқушысы Айша Тұрапбаева мен Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Алтынай Махсетбаева марапатталды. Барлық жүлдегерлерге арнайы диплом берілсе, қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, олардың барлығына ұйымдастырушылардың тарапынан сый-сияпаттар табыс етілді. Белсенді жастардың жетекшілері де құттықтаудан құр алақан қалмады. Балаларын әдеби байқауға дайындап, бағыт-бағдар нұсқап, жауапкершілікпен атсалысқандары үшін әрбіріне алғыс хаттар берілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.