Биыл – Тәуелсіздігіміздің 32 жылдығы. Мерейлі қуаныш. Сонымен бірге әйгілі Желтоқсан көтерілісіне 37жыл толып отыр. Тарихымызға да тасқа басқандай жазылып қалған бұл оқиғалар елдің есінен, жұрттың жадынан кетпек емес. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың бірі – Ақсай ауылында тұратын Қоғанбаев Еркін Әкімбекұлы атты азамат. Еркін ағамызды ауыл, аудан тұрғындары жақсы таниды. Шап-шағын, ұядай жып-жылы Ақсай ауылындағы өнегелі шаңырақтың отағасы. Ақсай атты орта мектепте шәкірттеріне алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беріп келе жатқан ұстаз. Үлкендерге ізетті, кішілерге қамқор азамат.
Еркін Әкімбекұлы 1962 жылы Ақсай ауылында туған. Осындағы орта мектептің бір түлегі. Алғашқы еңбек жолын Ұзынбұлақ совхозында әр түрлі жұмыстарда бастаған. Азаматтық борышын абыройлы өтеген. Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Содан кейін Ұзынбұлақ совхозында мамандығына сай жұмыс істеді. 1997 жылдан бері қарай Ақсай орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы-ұйымдастырушысы болып еңбек етіп келеді. Жұмыстан қол үзбей жүріп Орта Азия университетінің тарих-жаратылыстану факультетін бітіріп алды. Қазір өзінің саласы бойынша аудандағы білімді, білікті, үлгілі мұғалімдердің бірінен саналады.
-1986 жылғы желтоқсан айы еді. Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәргерлік институтының 3 курсында оқып жүрген кезім. 17 желтоқсан күні әдеттегідей оқуға келсем, студенттердің бәрі абыржулы екен. Жүздері біртүрлі көрінді. Оның жайын білдім. Кешегі күні республикамыздың бірінші басшысы Д. Қонаевты орнынан алып тастап, Ресейден Колбин деген біреуді отырғызыпты. Оны естіп менің де қаным басыма шауып, ашу-ызым келіп кетті. Наразылығымызды білдіру үшін барлығымыз жиналып орталық алаңға бардық. Көп ұзамай-ақ алаң кілең жастарға толып кетті. Барлығы студенттер мен жұмысшы қазақ жастары еді. Кейбір топ-топ болып келген жастар қолдарына «Әр республикаға өз басшысы болсын!», «Ұлт саясатының Лениндік саясаты сақталсын!», «Қазақтың жеріне қазақ басшы болсын!», – деген ұрандар жазылған плакаттарды ұстап алыпты. Сөйтіп, біз бірауыздан Д. Қонаевтың халық алдына шығуын талап еттік. «Қазақстан жасасын!», – деп ұрандаттық. «Менің Қазақстаным!» атты әнді айттық, – дейді Еркін аға өткен күндеріне көз жүгіртіп.
Сол бір 16-17 желтоқсан күндеріндегі қатал қыстың қарып түсер аязын, желтоқсанның ызғарын алаңда болғандар ешқашан ұмытқан емес. Билікке қарасты әскери құрылымдардың, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің мұздай суық су шашқанына да төзе білген қайрат-жігерлі, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдері оттай жанған жастар алаңнан оңайлықпен кете қойған жоқ. Түс ауа жағдай мүлде қиындай түсіпті. Сонау Мәскеудің бұйрығымен жан-жақтан шұғыл жеткізілген әскерлер алаңды қатар-қатар қоршап алып, жастарды тарату үшін мұздай суды атқылаған. Кешке қарай жастар мен әскерлер, милиция қызметкерлерінің арасында қақтығыс басталды. Сөйтіп, бейбіт шеру бірте-бірте қантөгіске айналып кеткен еді. Қолдарына дубинка, сапер күректерін ұстаған әскерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері ешкімді аяған жоқ. Ұрып-соқты, аяусыз тепкінің астына алды. Ерекше қимыл, қарсылық көрсеткендерді кезек-кезек ұстап алып, арнайы дайындалып қойылған автобустарға тиеп әкетіп жатты. Еркіндей жігерлі жастар «Менің Қазақстаным!» атты әнді шырқай жүріп, ұсталғандарды, жерде жығылып жатқандарды шамаларының келгенінше құтқаруға тырысты. Бірақ, одан ештеңе шыққан жоқ. Түн ортасына қарай олар мүлде күш алып, қусырып, тықсырып бара жатқан биліктің күштік құрылымдарынан әзер құтылды. Дұрыстап ұйықтай алмай, Орталық Комитеттің істеген ақылға сиымсыз ісіне күйінген Еркін ағамыз, оның курстас достары ертесі тағы да алаңға барып, өз үндерін жеткізуді, халықтың, ұлттың қалауын білдіруді жөн көрген. Бірақ билікке қарасты күштер алаңды мүлде жауып тастаған екен. Осылайша, жастардың әрекетінен, СОКП Орталық Комитетінің Қазақстан Республикасының басшылығын ауыстыруға арналған 15 минуттық Пленум шешіміне қарсылықтарынан еш нәтиже шыға қоймады. Сол бір қантөгіске ұласқан, алаң іші қызыл қанға боялған қиын шақтарда қаншама бауырларымыз жапа шекті, жарық дүниеден қоштасты десеңізші?!
– 2005 жылы сол бір көтерілісті суретке түсіріп алған суретші Ақанаев өзінің архивінде жатқан суреттерді республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады. Сонда Бейбіт Қадырғалиев, Айгүл Құсбекова, Ғалия Бакеева, Асқар Оркебеков тағы да басқа группаластарыммен бірге тұрған сәтімді көзіммен көріп, өзгеше күйде болдым. Жыл айналып келген сайын әсіресе, желтоқсан айының 16-17 жұлдызында сол бір көтеріліс ойыма, көз алдыма келіп кетеді. Қалайша ұмытарсың. Жүрегімізге өшпестей жазылып қалды-ғой! Біз аңсаған егемендік, біз аңсаған Тәуелсіздік көп ұзамай 1991 жылы ел басына туды. 15 одақтас республиканы уысында ұстаған СОКП-ның өзі құлады. Биыл Тәуелсіздігімізге 32 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 37 жыл толмақ. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыттар аралығында Отанымыз талай белестерді артқа тастады. Өрістеп-өркендеп келеді. Тәуелсіздігіміздің шапағаты шалғайдағы ауылдарымызға да тиіп жатыр. Одан асқан қуанышымыз жоқ. Тәуелсіздік жылдары өмірге келген ұрпақ – бақытты ұрпақ деп ойлаймын. Отанымыздың келешегі болар бүгінгі білімді, білікті жастардың өсіп келе жатқанына қуана, қызыға қараймын. Бір Алла осы бақытымыздан айырмасын!, – дейді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұлағатты ұстаз Еркін Қоғанбаев.
Еркін – Ақсай ауылындағы өнегелі шаңырақтың иесі. Жұбайы Мәдина екеуі балалы-шағалы. Ұрпақтарының қызығы мен қуанышын көруде. Желтоқсанның желіне, ызғарына қарылған Еркіннің көрер күні, татар дәмі, қуанышы мен бақыты, өмір асулары әлі алда.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.
Суретте: Желтоқсан көтерілісіне қатысушы әрі ұлағатты ұстаз Еркін Қоғанбаев жұбайы Мәдинамен бірге.