Уақыттың сырғып қазақ тарихы тың ақпараттармен жаңарып жатқанымен, сол бір 86-жылдың желтоқсанын ешкім санадан өшіре алмасы анық. Биыл, міне, қыстың алғашқы айында айнала ақ жамылып, жердің қанға боялғанына – 34 жыл. Бұл – ызғарлы күндерде орын алған көтеріліс. Өткен күннің дерегі үшін тосын оқиға болғанымен, оған қатысып, өмірін қатерге тіккен куәгерлердің есінен бұл сәттер ешқашан ұмытылған емес. Олардың қай-қайсын әңгімеге тартсаңыз да, ерекше толқыныспен, тебіреніспен, көз алдыңызға сол кездегі Кеңестің шабармандары қалайша қарусыз жастарды соққыға алғанын суреттеп береді. Осы күндерді өз көзімен көрген, жалынды қыз-жігіттердің жанынан табылған ауданымызға қарасты Жандосов ауылының тұрғыны Айман Сыдықова біз айтқан қаһарлы қыстағы қозғалысты еш ұмытқан емес. Ол кісімен сұхбаттасу барысында бейбіт күннің құндылығын ұғып, намыс дегеннің қандай екенін тағы да жете түсіндік.
«Студенттік шақтың 2-курс кезін еске алып, дәл осы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бір жылап алатынымыз бар», – деп әңгімесін бастады сол кездегі ҚазМУ-де оқитын ол. Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген кезде өжет әрі батыл Айман Ұланқызының тегі Шойымбаева болатын. Оның университет қабырғасында кездестірген Айгүл Байсақалова және Назия Еркінғалиева деген бойында намыс оты алаулаған қос құрбысы әрдайым жанынан табылды. Бір күні үшеуінің құлағына «Қонаевты орнынан алғалы жатыр» деген сыбыс жетті. Пленум болатынын естіп, түнімен көз ілмей, ертеңгі болатын сабақтың жартысына қатысып, Алаңға қарай қашып кетеді (қазіргі Республика алаңы).
– Біз ол жаққа жеткенде жастардың көбісі жиналып алған екен. Қолдарына «Әр елдің өз көсемі болсын!» деп жазылған плакаттар ұстап, «Менің Қазақстанымды» бірге шырқауда. Расымен де, бұл ән айтылғанда патриоттық сезім оянатыны жасырын емес. Біз де қосылдық. Наразылығымызға басу айтып, беделі мықты, әр салада аты шыққандар мен жоғары жақтағы адамдар қайтуымызды өтінді. Оның ішінде КСРО-ның халық әртісі Роза Бағланова да бар еді. Алайда, өз талабымызды айтудан жалықпай, түнгі 1-ге дейін сол жерде болдық, – деп Айман апайымыз 16-желтоқсанның ызғарын осылай еске алды. Айтуынша, дәл осы мезетте нағыз соғыс басталғандай сезілген. Жаппай милициялар келіп, дубинкаларымен кездескендерін бәрін төпештеп, қыз-жігіттердің шаштарынан сүйреп, жүк көліктеріне салып әкетіп жатыпты. Тіпті, жиналған жастарды бұзақы жасауда деп көрсету үшін кейбір арандатушы адамдарын да жіберген көрінеді. Дегенмен, кез келген соққыға шыдаймыз деген жалынды жастар бір-бірінен ажырамау үшін шынжыр тәріздес қолдарын байлап, қарсы тұрудан сескенбеген.
– Бір уақытта басыма дубинканың ұшы тиіп, есімнен танып, құрбыларымнан көз жазып қалдым. Өз-өзіме келсем, алаңдағы белсенділерді қуу үшін милициялар мұздай суды шашып жатқанын байқадым. Бір кезде көпшіліктің арасынан Айгүлді тауып алдым. Ал, Нәзия жоқ. Мүмкін ол бізді іздеп жүрген болар деген оймен ары-бері қарап, түнгі 3-ке таман жатақханаға қарай қайттық. Таң алдында құрбымыз келді. Үсті-басы адам шошырлық, киімдері жыртылған. Мән-жайды сұрасақ, оны милициялар алып кетіпті. Көп сұрақтың астына алып, тергеп, біздің аты-жөнімізді, үгіт-насихатқа кімнің қатысы барын сұрапты. Нәзияның әкесі сол уақыттарда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде қызмет атқаратын, подполковник болатын. Оның абыройын ойлап, құрбымыз бізге қатысты деректерді айтып беріпті. Ол осы қылығы үшін бізден кешірім сұрап, ертесінде буынып-түйініп ауылына қарай қайтып кетті, – деп бүгінгі күнге дейін хабарын білмейтін құрбысын сағынышпен еске алады желтоқсаншы Айман Сыдықова.
18 желтоқсан күні жастар легі тағы да Алаңға жиналып, өз талап-арыздарын білдіруге шыққан. Оларды әдеттегідей басшылықтағы адамдар қайтарып жібереді. Ертеңінде жатақхана жабылып, әркім үйлерінен қатынап оқитын болған.
– Естен кетпейтін күндер енді басталды, – дейді сол кездегі география факультетінің 2-курс студенті. – ІІБ мен ҰҚК үстімізден іс қозғап, күнде сұрақ-жауапқа тарта бастады. Бізге «бұзақы жасадыңдар» деп айып тақты. Орыс ұлтының өкілі болған тергеуші аузына келгенін айтып, қазақтарды мазақтап, неше түрлі қорлық сөздермен балағаттайтынды шығарды. Біз қарсы сөйлесек, шапалақпен жағымыздан тартып та жіберетін. Осылайша, күнделікті өміріміз тергелумен өтті. Ақыры бізге жабылған жала ақталмай, қаңтар айында факультеттік жиналыс барысында Айгүл екеуімізді оқудан шығаратыны жөнінде хабарлады. Бірақ, бізге ең қиын жұмыс істеп, кейін жақсы жағынан көрініп, қолдаухат әкелсеңдер қайта қабылданасыңдар деп ескертті. Бұл келер жылдың қаңтар айы еді.
Иә, талай қорлық көрген студент Айман құрбысымен бұған да көнді. Жамбыл ауданында құрылыста істеп, оның ауыртпалығын да көтере білді. Одан бөлек, анда-мында сандалып, нәпақа табудың амалын іздеді. Ауылға қара бет болмай, «екі қолға бір күрек табылар» деген оймен Алматыда, басқа да елді мекендерде жалдамалы жұмыстар атқарды. Ел қатарлы кеңселерде қызмет істейін десе, «сен желтоқсаншысың» деп қабылдамайтын болған.
Арада үш жыл өтіп, Айман Шойымбаева да, Айгүл Байсақалова да оқуын қайта жалғастырды. Сөйтіп, олар аңсап күткен тәуелсіз Қазақстанның азаматы атанып, өз өмірлерін бір арнаға бұрды. Айман апайымыз 1991 жылы ауылдасы, өзі сияқты отансүйгіш Қанат Сыдықовпен отау құрып, бақытты жанұяға айналды. Патриот отбасында Әйгерім және Айтолқын атты қыздар дүниеге келді. Бүгінгі таңда үлкені – тұрмыста. Ұлындай көретін Абылай күйеу баласы мен қызы Әйгерім шаңырақтың шырағына айналған Зере, Даяна, Ермұраттай ұл-қыздарды өмірге әкеліп, Айман апай мен Қанат ағаға ата-әже бақытын сыйлады. Ал, кіші қыздары Айтолқын, биыл ғана университетті тәмамдап, қазіргі уақытта тәжірибелік жұмыстарды атқаруда.
Біз баяндаған батыр желтоқсаншы қыз осындай. Оның көтеріліске қатысқаны үшін оқудан шығарылғаны жайында жазушы Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» атты кітабында анық көрсетілген.
Бүгінга таңда Айман Сыдықова 27 жылдық еңбек өтілі бар, І санаттағы география пәнінің мұғалімі. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында О.Жандосов атындағы орта мектепте білікті ұстаз ретінде қызмет атқарады. Желтоқсан оқиғасына қатысқан апайымыз тәуелсіздік таңын қарсы алып, оның қаншалықты маңызы зор екенін айтудан жалықпайды. Ол әңгіме барысында болашағымыздың жарқын болуын, егемен еліміздің мәңгі сақталуын тіледі.
Айман Ұланқызына біз де бар жақсылықты тілейміз! Егемендіктің қаншалықты қымбат екенін ұқтырғанынызға зор алғыс. Кемел келешегіңіз өркендеп, жетістік жолында жұмысыңыз жандана берсін!
Дидар МУХАМАДИЕВ.