Жамбыл ауданындағы «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық халықтық ансамблі ұзақ жылдан бері көрерменін халықтық әуенмен сусындатып, ұлтымыздың салт-дәстүрін ұлықтап келеді. Ақ кимешекті өнерлі апалардың еңбегі лайықты бағаланып, құрмет-қошаметке бөленді.
Осы жазда ансамбльдің бірнеше мүшесі республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Күміс Кемелбекова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, ансамблдің белді мүшелері Шекеркүл Сәрсембиева мен Тұрсынхан Үмбетәлиеваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері тапсырылды. Өнер өлкесінде талмай еңбек етіп келе жатқан аяулы әжелерімізге мықты денсаулық тілейміз. Әжелеріміз балалары мен немере-шөберелерінің қызықтарын қызықтап, Жамбыл баба жасына жетсін. Осы қалыптарынан танбай, өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа тәрбиелеп, арамызда аман-есен жүре берулеріне тілектеспіз. Ансамбль жетекшісі, – ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін», «Ана жүрегі» медалдерінің иегері, ауданның Құрметті азаматы, күміс алқалы әже Күміс Кемелбекова құрылған күннен бастап бүгінге дейін өнер ұжымын басқарып келеді. Сексен жастың сеңгіріндегі ардагер-ұстаз Күміс Пармашқызы ауданның қоғамдық өміріне әлі де белсенді атсалысумен бірге өнер ұжымының жұмысын жүйелі жүргізеді.
«Ақ әжелер» ансамблі еліміз тәуелсіздік алмай тұрған сонау 1986 жылы Жамбыл ауданының Дегерес ауылында құрылған болатын. Ол жылдар кеңестік биліктің үстемдігінен халқымыздың өз ұлттық болмысынан алыстап бара жатқан кезең еді. Ұрпақ болашағын ойлаған әжелер ұлттық өнеріміздің асылы мен тұнығын, көкірек түкпірінде көздің қарашығындай сақтап келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрін халыққа өнер тілінде жеткізуді басты мақсат етті. Ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатқанына қарамастан өнер ұжымы тіліміз бен ділімізді ашық дәріптеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі нарықтық экономика қиыншылықтары да ұлтжанды аналарымызға кедергі бола алмады. Әзіз жүректі әжелер үшін ұлттық құндылықтар қашанда алдыңғы орында тұрды. Өзін өзі қаржыландыру көзі ретінде қолөнерді қолға алып, ісмерліктерін де көрсетті. Оны жастарға жалықпай үйретіп, жүрген жерде насихаттаудан танбады. Өнер сапарымен бүкіл елге, шетелге шығып, ұлттық болмысымызды өзге жұртқа да паш етті.
Суретте: Күміс Кемелбекова, Шекеркүл Сәрсембиева және Тұрсынхан Үмбетәлиева.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.