Таңнан күн батқанға шейін әркімнің күйбең тіршілігі әрқалай басталады. Біреу жолға шығып жұмысына жетуге, одан қалса кетуге асығатын заманда күнделікті өміріміз келесі күннің кестесімен ұқсап жататыны анық. Айтпақшы, жол демекші, қара асфальттың қожайыны – зуылдаған автокөліктердің біздің қоғамда алар орны айрықша. Әсіресе, оның ішінде қаншама адам өміріне жауапты болатын жолаушы тасымалдайтын көліктер. Оларға қатысты мәселелер мен халық наразылығынан туған сан сауалдардың шешімі әлі де табылмай келеді. Біздің айтпағымызға арқау болғалы тұрған тақырып та осы қоғамдық көлікке қатысты болмақ. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің аудан орталығы мен іргелес жатқан ауылдардан Алматы шаһары арасында ары-бері қатынайтын маршруткалардың жұмыс тәртібін сөз етсек дейміз.
Жалпы, аудан тұрғындарының басым көпшілігі Алматы қаласына барып-келіп, қызмет етіп жүрген жандар. Екі аймақтың арасын қоғамдық көлікпен жалғап, нәпақа табуды мақсат еткен қарапайым халық жол үстінде түрлі жағдайларды басынан өткізіп жатады. Көбісі қоғамдық көліктердің шамадан тыс жолаушылар тасымалдауына наразылық білдіріп жатса, басқалары автокөліктердің бір-бірімен шабандоздай жарысып, одан қалса асықпай орманда жидек тергендей жол бойы адамдарды мінгізулеріне қарсылықтарын білдіріп жатады. Бұл айтылғандардың қай-қайсы болмасын, қоғамдық көліктің жол ережесіне сай емес екені белгілі. Соның салдарынан адам өміріне қауіпті түрлі апаттар да орын алып жатқаны тағы бар. Қарапайым мысал ретінде, жақында ғана Қаскелең мен Алматы күре жолында болған жолаушы тасымалдайтын екі автобустың соқтығысуын айтуға болады. Қоғамдық көліктердің бірі №345 бағытпен «Қаскелең-Сайран автобекеті» арасында қатынаса, екіншісі қалааралық жолаушы тасымалдайтын автобус. Аталған екі көліктің арасында болған апатты жағдайдан тек №345 бағыттағы шағын автобустың ішіндегі 22 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Бұдан біз 18 адамдық орындыққа шақталған қоғамдық көліктің шамадан тыс жолаушыларды тасымалдамақ болғанын байқаймыз. Егер артық адамдарды тиемеген жағдайда, осыншама тұрғындар жарақат алмас па еді, кім біледі! Міне, жоғарыда айтқан жол ережесінің бұзылуына таптырмас дәлел осы десек те болады. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін автобус жүргізушілері өз қызметін дұрыс атқара білу керек. Өйткені, оның мойнында қоғамдық көліктегі әрбір жолаушының өмірі тұр.
«Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің атқарушы директоры Асанбек Бегалыұлының айтуынша біз мысалға келтірілген олқылықтар орын алса, жүргізушіге сөгіс жарияланады немесе жұмыстан қуылады екен. Сондықтан жылдамдыққа жаны құмар жүргізушілер, адам өміріне жауапты жұмыстарыңызды ережеге сай атқарсаңыздар дейміз.Бәлкім, біреудің тағдыры талқандауына сіз себепші болмауына кім кепіл?!
Дидар МУХАМАДИЕВ.