Осыдан бір апта бұрын Қарасай ауданының аумағында орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында XXXIV Ғұсман Қосановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өткен еді. Бұл игі шараға құрметті қонақ ретінде ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев пен Олимпиада чемпионы, ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова қатысты.
Ғұсман Қосанов – қазақ спортының жарқын жұлдызы, Олимпиада жүлдесін алған тұңғыш қазақ атлеті. Сондықтан оны еске алуға арналған жарыс 2021 жылдан бері байрақты бәсеке ұласып, «Ғұсман Қосанов мемориалы» деген атаумен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Орталық Азиядағы халықаралық турнирлердің бірі болып саналатын бұл сайыста әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына рейтингтік ұпайлар ойнатылады. Нақты айтқанда, осы бақталас арқылы қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін қажетті рейтингтік ұпайлар ескеріледі.
Сол үшін аталған турнирдің маңызы жоғары болғандықтан, спорттық шара ауданымыздағы Олимпиадалық даярлау орталығында ұйымдастырылды. Оған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Sport Qory және ҚР Туризм және спорт министрлігі демеушілік етті.
Жарыстың өзіне келер болсақ, биыл 17 елден 200-ден астам спортшы қатысты.
Турнирдің алғашқы күнінен бастап қазақстандық жеңіл атлеттер 15 медальды қанжығаларына байлап, көзге түсе бастады. Ал жалпы турнирдің қорытындысы бойынша біздің елдің құрамасы 34 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 12 күміс және 16 қола бар.
Нақты айтқанда, алты үздіктің қатарынан Юлия Башманова, Полина Иванова, Александра Залюбовская, Надежда Дубовицкая, Иван Товченик және аралас 4×400 метрлік эстафета командасы көрінді. Күміс жүлдегерлер арасында Ирина Конищева, Анна Черкашина, Артур Гафнер, Мария Ефремова, Аделина Земс, Әділ Омарбеков, Ақбілек Құралбай, Давид Ефремов, Виктория Ан және 4×100 метрлік эстафета командалары бар. Қола медальдің иесі атанғандар – Алина Чистякова, Антон Боднар, Диана Гейнц, Евгения Красаева, Никита Изотов, Евгений Прокудин, Ақбілек Құралбай, Игорь Хрунин, Иван Иванов, Евгений Лабутов, Надежда Богданова, Виталий Земс, Эльнор Мухитдинов, Виктория Ан және әйелдер құрамасының екінші 4×100 метрлік эстафета командасы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ