Жақында аудандық Мәдениет үйінде «Атамекен» ҰКП Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі білім беру саласының кәсіпкерлерімен бірлескен Қарасай және Жамбыл аудандарына арналған көшпелі кездесу өтті. Аталған іс-шараның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту бағыты бойынша болса, одан кейін мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйымдарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптары түсіндірілді.
Бұл мәселеге қатысты «Атамекен» ҰКП Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ержан Дүйсекенов, Алматы облыстық білім беру сала кеңесінің төрайымы Кулянда Батырбекова және Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов пен Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдақметов, сонымен қатар Қарасай ауданына тиісті органының өкілдері, Жамбыл мен Қарасай ауданының жекеменшік балабақшасының басшылары қатысты.
Жиын барысында негізгі баяндамашыларға жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойды. Әсіресе, Қаскелең қаласындағы жекеменшік мектепке дейінгі білім беру басшысы барлық басшылардың атынан, «Біз жұмыс орнына медицина саласының қызметкерін алған кезде, оны жеке кабинетке орналастырмай, мекеме басшысымен бірге бір кабинетке орналастырсақ рұқсат па? Санитариялық талапқа сай келеді ме?», – деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов былай деп жауап берді: «Жекеменшік мектепке дейінгі білім беру бөлімшелеріне тексеріс жасалып, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қайта жасалынды. Енгізілген өзгерістердің ішінде балабақшаға медициналық қызметкерді жұмысқа алатын болса, оған арнайы кабинет жасаудың керегі жоқ, қай жерде отырса да рұқсат етіледі», – деді Марат Исмаилов.
Кездесу барысында жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту бағыты бойынша ең көп қойылған сұрақтардың бірі, «Жер телімін жалға алып отырған балабақшаларға заң бойынша тыйым салынғаны белгілі, соны біле тұра біз уақытша аймақта отырмыз, бірақ бізге тексеріс келген жағдайда, біз өз құқығымызды қалай қорғай аламыз?», – деп сұрады жекеменшік балабақша басшысы. Бұл сұраққа Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаев жауап беріп, жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының басшыларын жеке қабылдауға және құжаттарын тексертуге шақырды.
Айта кетейік, Алматы облыстық білім беру сала кеңесінің төрайымы Кулянда Батырбекова кездесу барысында «Жайлы балабақша» концепциясы аясында төрт топтық балабақша жобасын ұсынды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – бір топта 20 баладан топтастыру, балабақшадағы киім ауыстыратын бөлменің көлемін кішірейту, акт зал мен спорт залды біріктіру және балалардың жатын бөлмесі мен ойын бөлмесін біріктіру. «Бірақ сонымен қоса әр балаға 1,8-3,8кв көлемінде жайлылық болуы шарт», – деді Кулянда Батырбекова. Бұл аталған жайлылық бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов былай дейді: «Былтырғы жылы Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы жекеменшік мектепке дейін білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізген кезде 54 балабақшаның 49-ында заң бұзушылық пайда болды. Оның басты себебі – санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, ас бөлме мен зал бөлменің жеке-жеке орналаспауы. Сондықтан да санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың негізгі шарты әр баланың жеке ыңғайлылығы, яғни бір балаға жеке 1,8-3,8 кв көлемінде еркіндік болғанын ескеру керек», – деді Марат Исмаилов.
Отырыс барысында уақыттың тығыздығының әсерінен қалған сұрақтар шарадан кейін мекеме басшыларына жеке қойылатын болды. Алайда негізгі мәселелер жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту және оларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша балабақша басшылары сұрақтар қойып, нақты жауап алды. Кездесу соңында «Атамекен» ҰКП Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ержан Дүйсекенов кәсіпкерлерге әрқашанда қолдау білдіретіндіктерін, бастысы заңды және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сай болуы керектігін жеткізді. Содан кейін Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдақметовта өзінің қорытынды сөзін айтып, жиынды аяқтады.
Ескере кететіні, статистикалық көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, жылдан жылға жекеменшік балабақшалар көбейіп келеді. Тіпті алдағы жылдарда мемлекеттік балабақшалар болмауы да мүмкін. Бірақ соған сәйкес жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдары заңды және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сай болуы, балалардың дамуына қолайлы, жайлы болуы шарт.
Шұғыла ТЫНЫС.