Аудандық Полиция басқармасының ғимаратында жазасын өтеп шыққан және аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 35-ке жуық азаматтарға жеке кәсіп ашудың жолдарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық Полиция басқармасының мәжіліс залында жазасын өтеп шыққандар мен тіркеуде тұрған азаматтарды өз кәсібімен және жұмыспен қамту мақсатында, аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен, іс-шара өтті. Аталмыш жиынға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы мен аудандық жұмыспен қамту орталығының өкілдері қатысты.
Шара барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының кеңесші-менеджері Елена Константинова оларға «Бизнес бастау» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары жайлы кеңінен айтып өтті. Ол бұл бағдарламалар арқылы арнайы дайындалған 21 күндік онлайн курсты оқып, жоба ұсыну арқылы 200 АЕК көлемінде қайтарылымсыз грантты алуға болатындығын, сондай-ақ, жеке кәсіп бастау үшін оларға кредит қандай жағдайда берілетіндігін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, басқосуға қатысқан жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова жиналғандарға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жайында толығырақ әңгімеледі. Нақтырақ айтқанда, жұмыспен қамту орталығының басшысы келгендерге аталмыш бағдарламаның бағыттары туралы, орталықтан тегін үш айлық курстан өтіп, сертификат алып немесе мамандығы жоқтарды кәсіптік оқытуға жіберу арқылы жұмысқа орналасуға болатындығын айтып берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.