Күні кеше Іргелі ауылдық округінде төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған азаматтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Аталған шара аудан әкімі Жасұлан Естеновтің тапсырмасына сәйкес «Nomad» мектебінің аумағында ұйымдастырылып, оқыс оқиға кезінде жедел әрекет ету мен құтқару қызметінің жұмыстары пысықталды.
Кешенді оқу-жаттығудың өтуіне аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен Іргелі ауылдық округінің әкімдігі атсалысты. Өз кезегінде округ әкімі Арман Қамалбек азаматтық қорғаныс жұмысымен танысып, жауапты мекемелердің үйлесімді іс-әрекеттеріне оң бағасын берді.
Жалпы шара барысында оқыс жағдайлар туындаған сәтте округ аумағындағы халықты қорғау, жедел әрекет ету, эвакуация жұмыстарын үйлестіру және авариялық-құтқару қызметтерінің дайындықтары қадағаланды.
Сонымен қатар аталған оқу-жаттығуға 15-тен аса арнайы техника, 200-дей ерікті, азаматтық қорғау саласының мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен мекеме қызметкерлері жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында шартты түрдегі төтенше жағдайларға ден қою, күштер мен құралдардың өзара әрекеттестігі сыннан өткізілді.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса береді.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
