Бейбіт заманның тыныштығын бұзған бұл қарулы шайқастың жеңісі оңайшылықпен келмегені айдан анық. Ұлы Отан соғысы жылдары ерлер майданда жүріп, өз өмірлерін қауіпке тігіп жерін, халқын қорғаса, арттарында қалған әйелдер мен балалар жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз ету мақсатында зауыттар мен цехтерде аянбай жұмыс істеді. Әсіресе, әйелдер қауымы бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлестерін қосты. Сондай нәзік жандылардың бірі, соғыс ардагерінің жесірі және тыл еңбеккері – Мынаш Аймаханова. «Батыр ана», «Кеңес одағы Еңбек ері» атанып, жасы 97-ге таяған кейуана бүгінде ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында тұрып жатыр. Көп қасірет әкелген сол бір жылдарды бүгінге дейін ұмытпаған әжеміз сол жылдарды да, одан кейінгі күндерді де әлі де еске алып, ол жайында айтуды ұнатпайды екен. Балаларының өздері қанша жыл өтсе де әке-шешеміз соғыс жайлы ашып айтқан емес дейді.
Мынаш Аймаханова 1928 жылы Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласында дүниеге келген. Жастайынан соғыстың зардабын көрген әжеміз жасына қарамай, өзгелермен бірге тылда еңбек етіп, балық аулап, олардың барлығын соғысқа аттанған азаматтарға жіберіп отырды. Осылайша қарулы ұрысқа жарамайтындармен бірге жауынгерлерін азық-түлікпен жабдықтап отырған. Десе де сол кездердегі қиыншылықтың дәмен сезген Мынаш апамыз сынаққа төзіп, шыңдала білді. Кейіннен осындағы медициналық мектепте (қазіргі академияда) білім алып, қалалық ауруханаға медбике болып жұмысқа орналасқан. Сөйтіп жүріп, тағдыр қосқан жары, осыдан 26 жыл бұрын марқұм болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Жанзак Аймахановты кездестірген екен. Сол жылдары жеңістің жауынгері жаралы күйге түскен азаматтардың бірі болатын.
Жанзак атамыз Нүкісте дүниеге келгенімен, оның Отаны – Қазақстан. Ашаршылық жылдары ардагеріміздің әке-шешесі шекара асып, Нүкіске өтіп кеткен. Ол осында білім алып, майданға аттанған. Кейіннен соғыс кезінде ауыр жарақат алып, үйіне оралды. Жарақатынан айығып, есін жинаған соң Педагогикалық институтқа оқуға түседі. Білімге құштар ардагер көп жылдар бойы ұстаз, 25 жылдан артық мектеп директоры болған, сондай-ақ белсенді ретінде партиялық органдарда да қызмет еткен.
Осылайша екі жас отау құрып, үлкен әулетке айналған. Мынаш апамыз бен Жанзак атамыз 8 ұл-қызды тәрбиелеп, бағып-қақты. Бүгінде балаларының бірі әке жолын қуып ұстаздықты, аналары секілді медицина саласын таңдаса, енді бірі инженер болып жұмыс істейді.
Өкінішке орай, ардагер атамыз 1998 жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Әкелерінің өлімінен кейін балаларынын бәрі оның және өздерінің туған елдері болып саналатын Қазақстан жеріне қайтып келуді жөн көріп, бір-бірден Қазақстанға қоныс аудара бастаған. Құдай қосқан жары қайтыс болып, балалары тұрақтанып алғаннан кейін 2006 жылы Мынаш апамызда қасиетті Қарасай жеріне көшіп келеді. Қазіргі уақытта ол қызы Урынбикенің қолында тұрып жатыр.
Қыздарының айтуынша, әке-шешелері соғысты өз көздерімен көргенімен, осыған дейін балаларына ол жайында ештеңе айтпаған.
– Біздің әкеміз де, анамыз да соғыс жылдары жайлы бізге ештеңе айтпайтын. Ол туралы сұрасақ, ауыр күрсініп, үндемей қоятын. Ал әкеміздің кейбір кездері, тіпті жылаған сәттері де болды. Есейе келе ол кісілер үшін бұл естеліктер тым ауыр екенін түсініп, сұрауды да қойдық. Биыл, міне соғыстың аяқталғанына 79 жыл толса да анамыздан сол сәттер жайында әлі де ештеңе ести алмадық.
Бастарынан қанша қиындық өткерсе де әке-шешіміз біз үшін барлығына да төтеп беріп, балалық шағымыздың жайлы өтуі үшін бәрін де істеді. Әсіресе, олар өздері оқыған адамдар болғандықтан, бізді де ештеңеге қарамастан оқытуға тырысты. Әкеміз, тіпті ағамызға: «үйімді сатып жіберсемде оқуынды төлеп беремін», – дейтін. Енді, міне соның арқасында жетеуіміз де осындай дәрежеге жеттік, – дейді Урынбике Жанзакқызы.
Қазыналы қарияға айналған Мынаш Аймаханова – бүгінде 8 баласынан тараған 106 немере, шөбере, шөпшек, немене сүйіп отырған бақытты әже. Қазіргі уақытта Аймахановтар отбасы келер жылы әкелерінің 100 жылдығын атап өтуге дайындалуда.
Әңгіме соныңда көпті көрген кейуана жылда үйіне келетін ауданның және қала әкімдеріне алғысын білдіріп, елімізден тыныштық, бейбітшілік кетпеуін тіледі.
– Мына өскелең ұрпағымыз сұрапыл соғыстың не екенін білмесін. Қазіргі уақытта біздің Мемлекет басшымыздың жүргізіп отырған саясатының арқасында республикамызда бейбітшілік пен тыныштық орнаған және Қазақстан тұрақты дамып, гүлдене түсу үстінде. Әрқашан жерімізде, елімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын, – деді Мынаш апамыз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.