Тоқтаусыз көліктер жүретін тасжолдың бойында жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жер үсті көпірінің салынуы маңызды. Өйткені, оның жоқтығынан көптеген көліктер де, адамдар да зардап шегетіні жасырын емес. Мұндай жағдайлар біраз қайталанып жатқанын естіп те, көріп те жатамыз.
Қайғыға душар қылатын осындай оқыс оқиғалардың көбісі аудан аумағынан өтетін «Алматы – Бішкек» күре жолында талай орын алуда. Биылдан бастап дәл осы тасжолдың бойында үш бірдей жер үсті көпірі салына бастады. Оның құрылыс қарқынын бағамдау мақсатында сол жерге арнайы барып, көзімізбен көріп, мердігер мекеменің өкілімен тілдестік.
Күре жолдағы жер үсті көпірлері Құмтоған, Алмалыбақ ауылдары мен «Үшқоңыр» автобекетінің маңайында салынуда. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның тапсырысымен жүзеге асып жатқан бұл құрылысқа «Шымкентдорстрой» ЖШС толығымен жауапты.
Аспалы көпірлер негізгі құжат бойынша «Алматы – Бишкек» автожолының 23+200, 24+600, 28+500 шақырымдарында бой көтеруде. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған жұмыс келесі жылдың қараша айында бітеді деп жоспарлануда. Бұл жөнінде көпірлердің салыну барысымен таныстырған «Шымкентдорстрой» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Ерсұлтан Асықбеков түсіндірді. Оның айтуынша, құрылыс басталғанда кейбір қиындықтар туындаған. Мәселен, көпірлер орналасатын аумақтарда жердің қожайындары пайда болған. Олармен келіссөздер жүргізіліп, бір мәмілеге келгенше жұмысты тоқтата тұруға тура келген. Сонымен қатар, жолдың бойында өсіп кеткен ағаштардың қаптағаны да кедергі болған.
– Қазіргі таңда Құмтоған мен Алмалыбақ ауылдарының қасында салынып жатқан аспалы көпірдің монолитті бағандары тұрғызылуда. Ал, «Үшқоңыр» автобекетінде құрылыс енді басталады. Жоспар бойынша келесі жылдың соңына таман барлығы пайдалануға беріледі. Алайда, бәрі бір уақытта емес, жұмыстың барысына байланысты кезең-кезеңімен аяқталады. Көпірдің жобасы бойынша жаяу жүргіншілердің ыңғайына қарай барлық жағдай ескеріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы лифт жұмыс істейтін болады, – деп түсіндірді мердігер компанияның өкілі.
Бүгінгі таңда жердің иелігі мен өсіп кеткен ағаштарға қатысты мәселелер толығымен шешілген. Енді тек қыс түспей тұрып ең негізгі жұмыстар атқарылуы тиіс.
Құрылыс материалдары қымбаттаса да белгіленген уақытқа қарай көпірлердің барлығы бітеді. Бұл ақпаратты «Шымкентдорстрой» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Ерсұлтан Асықбеков өзі растады. Жауапты мекеме өкілінің сөзіне сүйенсек, алдымен Құмтоған мен Алмалыбақ ауылдарында салынып жатқан аспалы көпір қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, инженер олардың сипатына да қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, жаяу жүргіншілердің негізгі өткелі ашық болса, әрі-бері өтетін адамдардың қауіпсіздігі үшін баспалдақтың төбесі жабық түрде салынады.
Темір тұлпарлар жүйткіген тасжолдың бойындағы аспалы көпірлердің бүгінгі барысы, міне, осындай. Ең бастысы, халық қауіпсіздігі үшін салынып жатқан өткел уақытында аяқталса, «бұл да бір біткен іс» дер едік.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.