«Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы Долан мен Алмалыбақ ауылдарын жалғайтын жаяу жүргіншілер жолағы көлік кептелісіне себепкер екені анық. Одан бөлек дәл осы маңда жол-көлік оқиғасы да, түрлі оқыс оқиғалар да орын алуда. Мұны республикалық трассадан өтетін темір тұлпарды тізгіндеушілер жақсы біледі және олардың наразылықтары да жоқ емес. Алайда екі ортада өтетін тұрғындардың да уәждері бар. Олар үшін жақын маңдағы жер үсті өткелінен өтуге ыңғайсыз. Айтуларынша, ол жерде халыққа жайлы жағдай жасалмаған. Қарт адамдарға, жүкті әйелдерге баспалдақпен түсіп-шығу қиын. Аталған мәселені шешу мақсатында жақында тасжолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, Қарасай аудандық полиция басқармасының және Райымбек пен Ұмтыл ауылдық округі әкімдіктерінің өкілдері келіп, жергілікті халықтың пікірімен санасты. Ортақ ақылдасу барысында көпшіліктің сұрауы – жаяу жүргіншілер жолағына бағдаршам қою. Тұрғындардың сөзінше, бұл ең оңтайлы шешім және адамдардың екі ортада өтуіне де қауіпсіз болып табылады.
Бұл айтылған ұсыныс аудандық полиция басқармасы тарапынан ескерілетін болды. Оның қаншалықты тиімді әрі дұрыс шешім болатыны алдағы уақытта зерделенеді. Бұл жайында Қарасай аудандық Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Баукен Баймбетов пікір білдірді.
«Республикалық маңызы бар «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы жаяу жүргіншілер жолағына қатысты әлеуметтік желі арқылы көлік жүргізушілерден, тұрғындардан көптеген ескертпелер болуда. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкілдерімен, сондай-ақ Долан ауылының тұрғындарымен аталған мәселені талқыладық. Нақты айтқанда, халықтың тарапынан жолдың бойына бағдаршам қою туралы ұсыныс айтылды. Бұл, әрине, ескеріледі. Осы мақсатта алдағы уақытта жұмыс істейтін боламыз, – деді Қарасай аудандық Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Баукен Пайзуллаұлы.
Айта кетейік, дәл осы жолақтың бойымен тәулігіне 70 мыңдай көлік ары-бері өтеді. Кейбірі қатты жылдамдықпен өткендіктен, сан мәрте жол-көлік оқиғасы және басқа да оқыс жайттар тіркеліп жатады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
