Кеңес заманында Қазақстан азаматтары Отан алдындағы борышын өтеу үшін шекаралас аймақтарда талай қырағалық еткені белгілі. Солардың арасында Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік міндетін атқарған жеке құрама атқыштар батальоны да болды. Биыл аталған әскери құрамның Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырға татитын айтулы датаның құрметіне орай ауданымызда салтанатты шара өтіп, ардагерлер қауымы Қаскелең қаласындағы Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш алаңында бас қосты.
Жиын барысында алдымен Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыс кезінде ерлікпен қаза тапқан 46 отандастың батырлықтарына құрмет көрсетіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Салтанатты шараға Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев арнайы қатысып, ардагерлерге деген жылы лебізін білдірді. Одан кейін Қарасай ауданы Қорғаныс істері жөнінде бөлімнің қызметкері, лейтанант Сапарғали Қалдыев, «60601» әскери бөлімі басшысының орынбасары, майор Айтжан Досыбаев, сондай-ақ Таулы Қарабах қақтығысына қатысқан, Тәжік-Ауған шекарасында ерлік көрсеткен ардагерлер сөз сөйлеп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің батырлықтарын әңгімеледі. Сондай-ақ кейін құрметті қонақтар Ауған соғысы құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерліктеріне тағзым етті.
Айтулы шараның соңы спорттық жарысқа ұласып, волейболдан ашық біріншілік өтті. Мұндағы жарыс алаңындағы жандар белсенділіктеріне қарай марапатталып, лайықты сыйлықтарға ие болды. Ал осы спортық шараға демеушілік жасаған кәсіпкер, №1 сауда орталығының директоры Есенкелді Садвакасовтың жомарттығын айрықша атап өтуге болады. Ол өз қаржысы есебінен осындай шараға қолдау білдіріп, ардагерлерге құрмет танытып, ерліктерін ұрпақ алдында ұлықтауға үлес қосты.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
